Ата-анамды "кәпір" деп араласпай кеттім – адасқан салафиттің әңгімесі

Караван, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.09.2021 19:18 Караван
Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің.

Қазіргі таңда, өзекті мәселелердің бірі – жастардың дәстүрлі емес діни ағымдарға көптеп бет бұруы. Бұған дейін қаншама қазақтың ұл-қыздары "Алланы іздеп" шекара асып, өзге елде орын алған майданға аттанып кетті. Қаншама жалынды жастарымыз ажал апанына құлады. Ал, қаншама азаматтарымыз темір қапасқа қамалды. Осындай, теріс дінді насихаттаушы тажалдың тырнағында қанша жастарымыздың жүргені бізге беймәлім.

Дінді теріс насихаттаушылардың сөзіне алданып, заң алдында жауапқа тартылып Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталған азаматтармен тілдесіп қайттық.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының аумағында 1 ғана ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесі жұмыс атқарады. Осы аталған мекемеде аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар мен қылмыстардың қайталануы кезінде бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген 500-ге жуық сотталған жазасын өтеуде.

Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің экстремизм және терроризмге қатысты баптары бойынша 16 азамат сотты болған. Бұл сотталғандардың басым көпшілігі интернет желісінің құрбаны болғандар.

Намазға жығылғанда, анамның қуанғаны-ай

Соның бірі осы мекемеде жазасын өтеуші Азамат Қайырғалиев өзінің жасаған қателігіне өкінетінін айтып, өскелең жастарды радикалды дінді насихаттаушыларға алданып қалмауға шақырды.

- Тоғызыншы сыныпта "крутой" жігіттерге еліктеп шарап ішіп, темекіге әуестендім. Үйге ішіп кететінді шығардым. Анама дөрекі сөйлеп, балағат сөздерді айтып қатты ренжіткен кездерім де болды. Сөйтіп жүріп мектеп қабырғасын орташа бағамен оқып, 9-шы сыныптан кейін Орал қаласындағы колледждің бірінде "салық ісі" мамандығы бойынша оқуға түстім. Колледжде жаңа орта, жаңа достар пайда болды. Бір досым намаз оқып, мешіттен білім алып жүрді. Бір күні мен досыммен бірге мешітке бардым. Имамның уағызын тыңдап, діни сауатымды жетілдіруге тырыстым. Сол кезден бастап, "дінге" деген қызығушылығым күн санап арта түсті. Кейін ауылға қайтып келген соң, намазхан сыныптас досдарыммен араласып, оларға өзімнің намаз оқуға ықыласымның ауғанын айттым. Солардың үйретуімен 2012 жылы ораза айында ораза ұстап, бес уақыт намаз оқи бастадым. Менің дін жолына түсіп, намаз оқып, сабырлы болғанымды көріп анам қатты қуанды. Қуанғаны соншалық, мен намаз оқып отырғанымда сүйсіне қарап тұратын. Анамның күлімсіреген сол бейнесі әлі көзалдымда. "Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің" демекші діни сауттылығымның болмауының және өзгелердің сөзіне еруімнің салдары түрмеге қамалуыма әкеп соқты. Бұлай болады деп кім ойлаған?! Әрине, кінә өзімнен, - деді Азамат.

Ол алғашында өзінің діни ілімі бар имамдардан дәріс алмай, достарының сөзіне еріп теріс жолды таңдағанын аңғармады. Өзіне жақын тартқан достары оны алдамайды, теріс жолға жетелемейді деп ойлады. Соларға еріп Азамат та сақалды өсірді, шалбардың балағын кесті. Өзінің айналасындағылардың бәрі де оған харам болып көрінді.

Мен теріс ілімді ғаламтордан алдым

- Алғашында мешіт имамдарынан намазды Абу Ханифа мазһабы бойынша үйреніп, оқи бастадым. Достарымның ықпалымен Сауд арабиясының шейхтары Абдулуахаб мен Альбанинің кітаптарын оқып, мәзһаптан бас тартып, намазды "сүнна" бойынша оқыдым. Дінге өзім қызыға бастадым. Мен ұстазға барған емеспін. Діннен хабарымыз болмағандықтан, сұраққа жауапты өзім іздедім. Кейінен, бір-бірімізден кімнен білім алуға болатындығын сұрастырдық. Интернет желісінен араб елдерінің шейхтарының жағымсыз уағыздарын тыңдап, мешіт имамдарын адасқан, бидғатшы "дінге жаңалық енгізуші, адамдарды адастырушы" деп айыптадым. Имамдардың айтқан уағыздарына құлақ аспай, намазды жан-тәннімен беріліп бұрынғыдай оқымайтын болдым. Себебі, араб шейхтарының уағызы, біздің еліміздегі имамдарға және ата-бабамыз ұстанып келген "дінге" деген жаман ой қалыптастырды. Дәстүрлі дінге сенім жоғалып, оның орнына "радикалды дінге" деген оң көзқарас пайда болды. Теріс дінді уағыздаушылардың мына сөзін санама түйіп алдым: "Мұсылман мен кәпірдің айырмасы намаз" деген хадисті теріс түсініп намаз оқымайтын адамдарға "кәпір" деп қарадым. Олармен соғысу керек, оларды өлтіру сауап іс, осы жолда шаһид болуған адам Аллаға жақын болады" деген ұстаным санамды жаулап алды, - деді ол.

"Ислам мемлекетіне" барып, соғысқым келді

Теріс ағымның жетегінде кеткен ол "Ислам мемлекетіне" барып, соғысқысы келгенін де жасырмады.

- Радикалды діни көзқарасты жақтаушылар "Cен ешкімді тыңдамауың керек, тек олардың ғалымдарының айтқаны ғана дұрыс. Барлық әлем сенің жауың, барлығы тек саған жамандық тілейді, барлығы исламға қарсы жауласып, оны құртқысы келеді" деп үйрететін. Сол себепті, "қазақ жерін "кәпірлер" елі" деп қабылдадым. "Жер бетінде шариғатпен үкім ететін ислам мемлекеті үшін соғысу керек" деген сөзді қолдадым. "Өзін "мұсылман" деп санайтын адам сол елге хижрат етіп немесе көшіп барып, сол жақта өмір сүру керек" деп ойладым. Сөйтіп, жүргенде Сирия жерінде Ирак пен Шам өлкесінде "Ислам мемлекеті құрылды" деген ақпарат ғаламторда пайда болды. Олардың іс-әрекетін күні бүгінге дейін қолдап келдім. Ол жер мен үшін "жұмақ" болып көрінде. Сол жақта жаңа өмір бастауды армандадым. Менің "Жәннәт" көрген шет елге баруға анам түбегейлі қарсы болды. Отбасымды, анамды "кәпірлердің ордасына" тастап кетуге қимадым. Содан кейін, 2016 жылы жаз айларында Ақтөбе қаласында Ирак пен Шамдағы ислам мемлекетін қолдап жүрген бір топ адамдармен қарулы қақтығыс жасады. Бірнеше адам қайтыс болды. Олардың әрекетін "дұрыс" деп ойладым. Айналамдағыларға олардың жасаған ісін елі мен жері үшін күрескен нар тұлғалы батырларды сомдаған жыраулар секілді, насихаттай бастадым. Осы оқиғадан кейін, экстремистік "Ислам мемлекеті" халықаралық ұйымына қосылмақ болдым. Сөйтіп, сегіз адамнан құрылған топ Орал қаласында қақтығыс ұйымдастыруды жоспарлап жүрген кезде, дайындық үстінде қолға түстім. Міне, ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша айыпталып, 11 жылға бас бостандығымнан айырылдым. "Терроризмді насихаттаушы", "діни алауыздықты тудырушы" деген айып тағылды, - деді Азамат.

Өзгерген өмір

Ол салафиттік ағымға бет бұрғанға дейін өзінің мүлдем бөтен адам болғанын айтады. Осы бағытқа бет бұрғанан кейін мүлдем өзгергенін де жасырмады. Өзінің теріс жолға түскенін түсініп, теолог мамандарының кеңесінен кейін тура жолды таңдады.

- Ата-анамды, ағайын-туыстарымды, дос-жаранды "кәпір" деп олармен араласпай кеттім. Әке-шешеммен жиі сөзге келіп қалатын едім. Менің теріс жолға түскенімді сезген ата-анам мешіт имамдардан кеңес сұрай бастады. Ал, мен болсам оларға "Имамдар мен үшін білімді ғалым емес, олар Құрандағы хадисті теріске шығарып, үкіметтің айтқанын ғана қайталайтын ғалымдар" деп сөз таластыратын едім. Қазіргі уақытта Түркістан обылысындағы ИЧ-167/9 мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Оңалту жұмыстарын жүргізетін мекеме қызметкерлері мен имам-теологтардың діни танымдық түсіндіру жұмыстарының арқасында көп нәрселерді білдім. Сирия жеріндегі жағдай діни жағдай емес саяси қарулы қақтығыс екенін түсіндім. Бидғат, такфир, хижрат, тағут мәселелерінің кең мағыналарын түсінбей, радикалды көзқарастарда болғаным надандығым екенін ұқтым. Бір адамның ғана айтқанын тыңдап, көзсіз еріп кетуге болмайтынын, Дін мәселесінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына жүгіну міндеттігін түсіндім. Мекеме қызметкерлері мен имам-теологтарға айтар алғысым шексіз, - деді ол.

Әрине, өкінішім көп…

Өзінің діни білімсіздігінің кесірінен теріс ағымның жетегінде кеткен жігіт өз ісіне өкінетінін де жасырмады.

- Менің сіздерге айтып отырған осы сөздерімді оқыған адамдар "бұл жігітке осы сөздерді мәжбүрлі түрде айтқызды. Айтқан сөзінің бәрі жалған, ертең түрмеден шыққанан кейін осы ісі тағы да қайталайды" деп мені сөгулері мүмкін. Алайда, мен өзімнің жасаған қателігіме қатты өкінемін. Ағайын-туыстарыма, жанашыр достарыма, көршілеріме ауыр сөздер айтқаным үшін шын жүрегімнен кешірім сұраймын. Жастардың діни сауаты мықты болуы үшін "дінтану" сабағын мектептен оқытқан жөн деп ойлаймын. Себебі, мен тоғызыншы сыныпты бітіріп, колледжге түстім. Діни білімім болмағанның салдарынан әркімнің сөзіне еріп, өз еліме қастандық жасай жаздадым. Жастар ғаламтор арқылы діни білім алып, шет елдің ғалымдарының сөзіне сенбей, діннен хабары бар мешіт имамдарынан білім алғанын қалаймын. Біздің еліміздің имамдары қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін білетін имам-теолог мамандарын тыңдауы керек, - дейді сотталушы.

Ата-анамнан кешірім сұраймын

- Сіздердің газеттеріңіз арқылы ең алдымен , өзімнің жасаған қателігім үшін ата-анамнан кешірім сұраймын. Осы жасаған ісім үшін қатты ұяламын. Бәрінен де бұрын, ата-анамның мені кешіргенін қатты қалаймын. Олар маған деген сенімін жоғалтпаса екен. Мен өзімнің жасаған қателігімді түсіндім. Әрбір айтқан дөрекі сөзім мен жасаған ісім үшін өкінемін. Мен жазамды өтеп шыққанан кейін ата-анам, отбасым үшін өмір сүремін. Менің санамды улаған теріс ағымнан дер кеінде құтқарғандарға да алғыс білдіремін. Полиция қызметкерлері менің әрекетімді аңғарып, құрықтауға кіріспегенде қаншама жазықсыз жанның қанын мойныма жүктер едім. Шет ел асып "ислам мемлекеті" үшін соғысамын деп өліп кетер ме едім?! Азғырушылардың жетегінде кетіп, мүлдем тұңғиыққа батып отбасымды, ата-анамды мүлдем көре алмас та едім. Бүгінгі таңда адасқан көзқарасымнан қайтып, тура жолға нық тұрдым. Отбасыма тезірек оралып, менің қателігім үшін өкініштен қан жұтып, қайғыра жылап отырған анамды жұбатып, оның ризашылығын алсам деймін, - деп көз жасына ерік берді Азамат.

Рас, дін атаулыны, оның қыр-сырын, ғибадат амалдарын әркім өзінше қабылдап атқаруы – бұл оның жеке ықтияры. Алайда өз ұстанымын ғана хақ санап оны басқаға мәжбүрлеп, келіспегенді "кәпір" деп сөгіп қыспаққа алу, басқаның пікіріне деген асқан төзімсіздік таныту діншілдікке жатпайды.

- 2021 жылдың 9 айында ИЧ-167/9 мекесіне жалпы саны 76 рет діни ұйымдардың өкілдері келіп, радикалды идеологияға иммунитет қалыптастыру және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыстық дін істері басқармасының дінтанушы мамандары мекемедегі сотталған азаматтармен кездесулер мен профилактикалық сұхбаттар жүгізіп, дәстүрлі дінді санасына сіңіру, теріс діни ағымнан бас тартуына ықпал ету мақсатында дәрістер жүргізілді. Соның ішінде деструктивті діни ағымды ұстанушы және мекемеге жаңадан келіп жатқан сотталғалғандарға көп көңіл бөлініп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының сапалы жүргізілуінің арқасында қазіргі таңда сотталғандардың діни көзқарастары түзеліп, дәстүрлі діни ағымды санасына қалыптастырып, оңалту жұмыстары нәтижесін беруде, - деді Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты ИЧ-167/9 мекемесінің теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру инспекторы әділет капитаны Бахтияр Таутеев.

Осындай керағар ұғымдағы шолақ белсенділер қазақтың арасында іріткі салуда. Арабтарға еліктесе, оларша сақал қойып киінсе, бетті бүркемелесе, қазақтың сөзін арабша баламаға алмастырса, бітті "таза мұсылман боласың" деген тұрпайы пікір етек жайғаны өкінішті. Есесіне, Ислам дегеніміз сырт пішін емес, ең алдымен ыждахат, иманға келу, адалдыққа ұмтылып, сабырлық таныту, мұқтаж жандарға көмек беру, ашу-ызаны ақылға жеңгізу, кешірімшіл болуды меңзейтін ілім екені ескерілмей қалатыны қынжылтады.

Раушан НАРБЕК, Түркістан облысы

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: