Жаңалықтар тізбегі
0

Facebook, Apple, Twitter-дің Қазақстандағы бастығы кім болады

Pixabay, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.10.2021 19:20 Pixabay
Ресей билігімен ымыраласуға барған америкалық алпауыттар Қазақстан нарығын қадірлей қояр ма екен.

Ресейдің ірі нарығын жоғалтқысы келмеген Google (соның ішінде YouTube), Apple секілді жаһандық техноалыптар Мәскеудің дегеніне көніп, Кремльге ұнамайтын контентті жоюда. Бұл екеуі маркет-дүкендерінен "Навальный" қосымшасын алып тастады. Себебі The New York Times мәліметінше, Мәскеу Apple мен Google-ге көп миллиондық айыппұл салған және енді олардың ресейлік бөлімінің қызметкерлерін қылмыстық қудалау басталатынын меңзеп, доқ көрсеткен, деп жазады inbusiness.kz.

Қазақстандық шенеуніктер де әлемдік осы алыптардың өз айтқанына көніп, айдағанына жүруін қалайтын болса керек.

Нәтижесінде, "интернетті құрықтау балаларды қорғау үшін қажет" деген сылтаумен Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Зәкиева бастамашы болған түзетулер "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді.

Айта кету керек, Google-дің Ресейдегі өкілдігі 2020 жылы 85,46 миллиард рубль (1,2 млрд доллар) кіріс әкелген, сөйтіп, түсімі алдыңғы жылғыдан 14%-ға артқан (2019 жылғы кірісі 74,95 млрд рубль). Сондықтан ресейлік сарапшылар америкалық компанияның ірі табыс көзін жоғалтпау үшін Кремльмен ымыраласуға барғанын айтуда.

Ал Google-дің Қазақстанда қанша табыс тапқаны туралы нақты статистика жоқ, себебі оның елімізде өкілдігі де жоқ. Демек, егер Қазақстан билігі тарапынан қысым тым күшейіп кетсе, ол еліміздің шағын нарығын тастап кетуі ғажап емес.

Жалпы, Сарым-Зәкиевалардың заң жобасының мәнін қарапайым қазақстандықтар түсіне алмапты. Содан болса керек, Үкімет мүшелеріне қабылдамастан бұрын оның мән-маңызын түсіндіріп беруді сұраған сауалдар түсуде. Павлодар қаласының белсендісі Максим Царёв осы заң қабылданған соң, Google, Facebook, Apple, Одноклассники.ру және басқасы .kz доменіне көшуге міндеттеледі деп ұғынғанын жеткізді.

Бұл жаңалықты естідік: заң жобасы барлық шетелдік әлеуметтік желі мен мессенджерді (ШӘЖМ) Қазақстанда тіркеуден өтуге мәжбүр ететін көрінеді. Бұған келіспесе, бұғатталады. Сонда Одноклассники.ру, Вконтактелер де .kz доменіне ауысуы керек пе? Олар ары қарай қалай жұмыс істейді? Әлеуметтік желідегі зиянды ақпараттың бар-жоқтығына кім мониторинг жүргізеді? – деп сұрақ қойды М.Царев.

Халықтан түскен сауалдарға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жауап берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет тиісті түзетулер пакетін әзірледі, ол Мәжілістің депутаттары бастамашы болған бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасына қосылды. Түзетулер топтамасы БАҚ туралы, балалардың құқықтары туралы, білім туралы, байланыс туралы, ақпараттандыру туралы қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізеді. Мәселен, "Ақпараттандыру туралы" заңға әлеуметтік желі ("онлайн-платформа") және мессенджер ("лездік хабарлама алмасу сервисі") деген ұғымдар және олардың Қазақстан аумағындағы қызметін реттейтін бап енгізілді, – деді министр.

Министрлік бұғаттау қағидаларын әзірлеуде

А.Балаеваның мәліметінше, аталған заңнамалық нормаларға сәйкес, Қазақстанда қызметін жүргізу үшін шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің меншік иелері немесе басқа да заңды өкілдері Қазақстанда филиалын, өкілдігін – есептік тіркеуден, немесе заңды тұлғасын – мемлекеттік тіркеуден өткізуге міндетті болады.

Дегенмен, заң жобасы шетелдік заңды тұлғаның филиалын, өкілдігін, немесе заңды тұлғасын тіркеу рәсімін кейінге қалдыруды да қарастырады. Яғни, бұл рәсімді 6 айға шегеруге болады. Алайда егер шетелдік онлайн-платформа, лездік хабарлама алмасу сервисі Қазақстан аумағында филиалы не өкілдігін міндетті мемтіркеу рәсімінен бас тартса, онда оған қатысты шектеу шаралары қабылданатын болады, – деді Аида Балаева.

Ол қандай шектеу шаралары? Мұны министр ханым ашып айтпады. Тек Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қазіргі кезде тиісті қағидаларды (Тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу, ҚР-да тыйым салынған ақпаратты орналастыратын интернет ресурстарға қолжетімділікті тоқтата тұру қағидаларын) әзірлеп жатқанын, Қазақстан заңдары арқылы тыйым салынған немесе таралуына шектеу қойылған ақпаратты орналастырған интернет ресурсын бұғаттау және жұмысын қайта қалпына келтіру шаралары сонда көзделетінін жеткізді.

Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрі ШӘЖМ-ді бұғаттауға қатысты әзірге егжей-тегжейлі ақпарат бере алмайтынын білдірді. Заң қабылданбай тұрып, нақты айту қиын.

Атап өтетін жайт, қазіргі уақытта Мәжілісте ұсынылған заңнамалық жаңғыруларды талқылау және пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қызметін реттеу тетіктері туралы мейлінше нақты ақпарат кейінірек ақпарат құралдарында жарияланады, – деп уәде етті министр.

Ол Қазақстанның жатжұрттық онлайн-платформаларды .kz доменіне көшуге мәжбүрлемейтінін ғана нақтылады.

Доменді тіркеу мәселелері біздің министрліктің құзырына кірмейді. Бірақ бірден хабарлағым келеді: жаңа заң жобасында шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қатысты мұндай шарттар қарастырмаған. Олардың барлығы бұған дейінгі тіркелген төл домендік атауларында қала береді, – деді А.Балаева.

Facebook филиалының басшысы қазақша білуі керек

Оның байламынша, "интернет пен коммуникациялық технологиялардың тегеурінді дамуы адам өмірін жақсарту сыртында, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді".

Осы сын-қатерге төтеп беру үшін аталған заң жобасы жазылыпты.

Мұндағы басты мақсат – әлеуметтік желі мен мессенджерде заңға қайшы контенттің таралуының жолын кесу және оны мейлінше қысқа уақыт ішінде жою. Шетелдік онлайн-платформалар мен сервистердің ресми өкілдіктерінің болуы, сондай-ақ уәкілетті органда тіркелуі бірнеше жылдан бері Германияда, Францияда, Түркияда, Ресейде заң жүзінде реттелген. Тәжірибе көрсеткендей, бұл шара құқыққа қайшы контентпен күреске және жедел үн қатуға оң ықпал етті, – деді министр.

Ол осы қадамға сондай-ақ ШӘЖМ-де қазақ тіліндегі контенттің жыл сайын артып келе жатқаны да түрткі болғанын жеткізді. Жаһандық айти-алпауыттарда қазақша түсінетін адам жоқ, ал егер елімізде филиалын ашса, оған тіл білетін маманды тағайындаса, Қазақстанның не сұрап отырғанын және қазақша мәтіннің шын мазмұнын сол түсінер еді.

Қазақ тілді контенттің артуына ден қою, қойылған міндетті жедел шешу, сондай-ақ әлеуметтік желілердің әкімшілігімен өзара тиімді және конструктивті диалогты жолға қою үшін шетелдік әлеуметтік желінің немесе мессенджердің Қазақстан аумағындағы филиал-өкілдігінің басшысы лауазымына Қазақстан азаматын тағайындаған орынды деп санаймыз, – деп түйді А.Балаева.

Ендеше алда біздің қоғам мен әлеуметтік желіні пайдаланушылар "Қазақстандағы Facebook-тің басшысы кім болады?" деген сауалға бас қатырып қалуы да ғажап емес.

Жалпы, Қазақстан заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау аясында бұл министрлік тұрақты түрде интернетке мониторинг жүргізеді. 2020 жылдың II жартыжылдығында жүргізілген мониторинг барысында Google-да Қазақстанға қатысты 13 838 құқық бұзушылық фактісі анықталыпты. Осыған орай 105 ескерту хаты жолданды: біріншіден, терроризм мен экстремизмді насихаттау бойынша – 13 643 факті тіркеліп, 37 хат жолданды. Екіншіден, БАҚ-ты қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында пайдалану бойынша – 94 құқық бұзушылық тіркелеп, 4 хат жіберілді. Үшіншіден, этносаралық алауыздық тудыратын ақпаратты тарату бойынша – 40 факті тіркеліп, 17 хат жазылды. Төртіншіден, жалған ақпарат тарату бойынша – 21 құқық бұзушылық тіркеліп, 17 хат жолданды. Бесіншіден, Елбасы және ел Президентінің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты тарату бойынша – 18 факті тіркеліп, 18 хат жолданды.

2011 жылдан бері Қазақстан Google-ден жалпы саны 192 503 фактіні жоюды сұрап, хат жолдапты.

Жанат Ардақ

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: