Қазақ еркегі бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Әйтпесе осы
Кешеден бері әлеуметтік желі афроамерикалық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы туралы шулап жатыр. Қазақы салтпен өткен ұзату тойының фото-видеолары жылдам тарап кетті. Өзге ұлтқа тұрмысқа шыққаны үшін ол қызды жерден алып, жерге салған. Әрі жігіттің нәсіліне қатысты ойларын ғадауат тілінде жеткізгендер де бар.Түсінгеніміз, қазақ қызының өзге ұлттың етегінен ұстап кете барғанына намыстанады. Тіпті, пікір қалдырушылардың кейбірі оны отанын сатқанға теңепті, дейді қазақтілді telegram каналдардың бірі.
Қазақ қоғамы үшін бұл өте өзекті проблема. Бір жағынан ұлт, тіл, діл мәселесі тұр. Сондықтан аралас некені ұлтқа төнген қауіп ретінде қарастырады. Екінші жағынан жаһандану заманында өзге ұлтпен шаңырақ көтеруге ешкім тыйым сала алмайды.
Статистика соңғы бес жылда елімізде тіркелген некенің 15% аралас неке екенін көрсеткен. Осыған байланысты кейбір қоғам белсенділері қазақ қыздарына үйленген өзге ұлттың жігіттеріне заңмен салық төлету керек деген бастама көтерген болатын. Тіпті, шетелдікке шыққан қызды азаматтықтан айырып, елден қуып жіберу керек деген де ұсыныстар айтылды.
Қаракөздеріміздің жатқа кетіп жатқаны қабырғамызды қайыстырады. Бірақ неге кетіп жатыр деп ойланғымыз келмейді. Кешеден бері бір қыздың "бақытын" тапқаны үшін жазғырып, "намыстанып" жатқандардың басым бөлігі ер азаматтар екен. Алайда сол "намысшыл" ерлердің арасында өз қыздарымызға қол көтеріп, қорлап жатқандары бар. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдар "жыл сайын Қазақстанда орта есеппен тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 400-ге тарта әйел көз жұмады" деп отыр. Әйелдің өзге ұлтқа шыққанына намыстанатын қоғамда олардың құқығын тапталуы немесе соққыға жығылуы орынды ма? Бұл екіжүзділік емес пе?
Қыздардың өзге ұлтқа күйеуге тиюін тыю үшін азаматтықтан айыру немесе салық салу жеткіліксіз. Ол үшін ерлердің өзі өзгеруі керек, агрессияны азайтып, бәсекеге қабілетті бола білуі тиіс. Әйтпесе кеудені соғып отыра берсе, қыздарымыз жат жұрттық болып кете береді.