Жаңалықтар тізбегі
0

Өтірік вакцина алып, кейін шын ауырғандардың әңгімесі

Zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.10.2021 20:20 Zakon.kz
Тамыз айында Үкімет жалған вакцинация паспортын жасағандарға тағы бір мүмкіндік берді.

Пандемия басталғалы вакцина алушылармен қатар, одан қашқандар болды. "Құрамы белгісіз", "өтірік нәрсе" деп вакцина алмай, жұмысы үшін вакцина қағазын сатып алғандар аз емес. Zakon.kz тілшілеріне "жасыл" статусты ақшаға алып, коронавируспен шын ауырғандар өз оқиғаларын айтып берді.

Сұқбат берген азаматтар өз есімдерін атамауды өтінді.

Бірінші кейіпкеріміз Әсет телекоммуникация саласында жұмыс істейді. Жұмыс орны шілде айында вакцина алу керектігін айтса да, ол әзірге екпе алмаймын деген ойда жүрген.

Отбасылық чатта коронавирус тақырыбы талқыланған кезде туыстарым оның адамға зиян екенін көрсететін видео, аудио жіберген. Онда сарапшылар вакцинаның адам ағзасына кері әсер ететіні жайлы айтады. Біздің отбасымызда антиваксер - менің анам. Ол коронавирусты "үкіметтің халық санын азайту үшін жасалған жасырын жоспары" дейтін, дейді Әсет.

Әсет жұмысқа вакцина алмаған жағдайда, апта сайын ПТР-тест тапсыруға міндеттелді. Алайда апта сайын тест тапсыру қалтаны жұқартады. Сондықтан ол бір рет вакцинация паспортын сатып алуды жөн санайды.

Сатып алғанда жеке құжат суретін жібереміз, ешқайда бармадық та. Кейін 1414-тен екпенің екінші дозасын алу керек деген SMS келді. Үш аптадан соң, "жасыл" статусқа ие болдым. Бір паспортты сатып алу құны – 10 мың теңге.

Қыркүйектің басында Әсет коронавируспен ауырып, өкпесінің 60%-ы қабынып, ауруханаға түседі. Ал әйелінің өкпесі 30%-ға қабынып, артық салмақтың кесірінен бауыры ауыра бастайды. Үш жасар баласы да коронавирус болып ауырады, бірақ ата-анасына қарағанда жеңіл өтеді.

Төрт апта ауруханада болдым. Қазір тезірек денсаулықты ретке келтіріп, жұмысқа шығу керек. Бірақ әлсіздік бар, әрі кейде дем жетпей қалады. Кезінде вакцина паспортын бекер сатып алдым. Ол 10 мың теңге, ал емге жалпы 200 мың теңге кетті. Ал қазір вакцина салдырайын десем, маған жасап берген адамдарды ұстап бергім келмейді, – дейді Әсет.

Ал Мақсат есімді келесі жігіт апта сайын ПТР-тест тапсырғанша, 15 мың теңгеге вакцина паспортын сатып ала салыпты. Өзі құрылыс компаниясында жұмыс істейді.

Мен бастапқыда вакцина алуды қаламадым. Себебі екпе жайлы түрлі әңгімелерге сендім: иммунитетті түсіреді, денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Сөйтіп танысым арқылы мен СОО-ның бірінде вакцинация пунктіне бардым. Медбике вакцина салғандай боп, инъекция орнын жауып қойды. Маған "30 минут отыру керек" деді. Кейін екінші компонентке шақырып, SMS келді, – дейді Мақсат.

Мақсат компанияда жұмыс істейтін адамдардың жартысы (үш жүз мың адам) дәл осылай өтірік вакцина алғанын айтты.

Екпе салмаған тағы бір себебім – иммунитетім күшті деп ойладым. Бірақ бір жарым айдан кейін ауырып қалдым. Температурам 40 градус көрсетті. Дем жетпей, сүйектерім қақсай бастады. Өлетін шығармын деп ойладым. Үшінші күні иіс сезбедім. Бірнеше қадам жасағаннан кейін әлсіреп, құлап қалдым. Төртінші күні температураны басып, ПТРтест тапсырдым. Ол оң нәтиже көрсетті.

Мақсат жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға келесі күні ғана барған. Компьютерлік томография науқастың өкпенің 70%-ына әсер еткенін көрсеткен.

Реанимацияға түстім. Менімен бірге ауруханада өтірік вакцина алған бірнеше адам жатты, олар да қатты ауырды. Мен ауруханада төрт апта болдым. Бұл вирус бұрын байқалмаған ауруларымды шығарды: бауыр қабынған, қысым проблемалары пайда болды. Бірақ ең жаманы, 36 жастағы досымнан айырылып қалдым. Вакцинация паспортын сатып алуға көмектескен мен болғандықтан, о дүниеге жолдама алып бергендей болдым, – деді Мақсат.

Тамыз айында Үкімет жалған вакцинация паспортын жасағандарға тағы бір мүмкіндік берді. Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин паспорт сатып алғандар қателіктерін мойындайтын болса, қудаланбайтынын және тегін вакцина алатындығын хабарлаған.

Алматы Бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов Zakon.kz тілшісіне жалған паспортты қалай жоюға болатынын түсіндірді:

Базадан жалған ақпаратты жою үшін вакцина сатып алған адам құқық қорғау органдарына түсініктеме беруі керек. Қызметкерлер өздерінің құқықтық бағасын беріп, соның негізінде шешім қабылдайды.

ГКИБ аға дәрігері Абзал Малбасканов бұл өтіріктің өте ауыр зардаптары болатынын ескертеді.

Вакцинаны өтірік алғандар тек өздерінің ғана емес, жақындарының да денсаулығына қауіп төндіреді. Әр адамда созылмалы ауруы бар туысы, кішкентай баласы немесе қарт ата-анасы бар. Олар бұл вирусты көтере алмауы мүмкін. Одан бөлек, вирустың жаңа штамдарын зерттеуде бұл ғалымдар мен дәрігерлерге кедергі келтіріп жатыр. Сонымен қатар, жұмыс орнында да әріптестеріне қауіп төндіріп отыр, – деді дәрігер.

Дайана Тоқберген

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: