Кириллицаны оқи алмай қиналамыз. Иран қазағымен сұхбат

Маңғыстау облысының әкімдігі Маңғыстау облысының әкімдігі
Иран қазақтары Қазақстанға көшуге тырысады.

Қазіргі уақытта "Отандастар қоры" шетелдегі отандастармен өзара әрекеттестік пен репатриация мәселелері бойынша талдамалық зерттеулер жүргізуде. Осыған орай, Иран қазақтарының этникалық сәйкестігін, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар сақтау, ұлттық тағамдарды әзірлеу, қазақ тілін қолдану туралы, сондай-ақ Қазақстанға деген көзқарасы мәселелерін зерттеу аясында, сарапшылар Ираннан келген этникалық қазақтармен бірқатар сұхбат жүргізді.

Осы мақалада ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында біздің елімізде репатрианттар үшін қандай жағдай жасалынып жатқанын білу үшін Қазақстанға келген этникалық қазақ А. Назгүлмен өткен сұхбаттың нәтижелері келтірілген (сұхбат берушінің өтініші бойынша аты өзгертілген – автордың ескертуі). Біз Назгүл ханымнан естіген бірқатар қызықты фактілермен бөліскіміз келеді.

Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта Иранда (елдің шығысындағы Солтүстік Хорасан провинциясындағы Божнур қаласында) тұратын 51 жастағы А. Назгүл осы жылдың күзінде екі баласымен бірге Қазақстанға, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысына көшуді жоспарлап отыр.

Әңгімелесу барысында А. Назгүл өзі жайлы және Иран қазақтары туралы кішігірім ақпаратпен бөлісті. Мәселен, А. Назгүлдің әкесінің аты бастапқыда өзгеше болатын. Бірақ, белгілі болғандай, Иранда посткеңестік кеңістіктегі азаматтар арасында кең таралған "-ов(а)", "ев(а)"-ға аяқталатын тегтерге рұқсат етілмеген. Осыған байланысты, Иранға қоныс аударған кезде тегі ретінде оның ата-бабалары рудың атауын – Адай деп көрсеткен екен, өйткені олар қазіргі Маңғыстау облысының тумалары (1932 жылы қоныс аударған). Қазіргі уақытта көптеген туыстары Ақтау қаласында тұрады.

Өзіңіз туралы аздап айтып берсеңіз, немен айналысасыз?

Мен 25 жыл бойы жоғары мектепте (жоғары мектеп дегеніміз – ирандық мектеп білім беру жүйесіндегі 16-18 жас аралығындағы оқушылар үшін арналған жоғары сыныптар – автордың ескертуі) парсы тілінің оқытушысы болып жұмыс істедім, қазіргі уақытта зейнетке шықтым. Мен Адай-Тобыш-Бекей руының өкілімін. Иран қазақтары Қазақстанның қазақтарына тән Жеті атаны білу дәстүрін ұстанбайды.

Сіздің аймағыңыздан (этникалық қазақтардан) шыққан қандай көрнекті қоғам және мәдениет қайраткерлерін, ғалымдарын білесіз? Жоғары лауазымдарда қазақтар жұмыс істейді ме?

Жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары емес, өйткені Иранда мемлекеттік қызметке, жоғары лауазымды қызметтерге тек парсы ұлтының өкілдері ғана қабылданады. Дегенмен банктер мен басқа да ұйымдарда жұмыс істейтін этникалық қазақтарды да арасында кездестіруге болады.

Әйтсе де, мен белгілі иран қазақтарының есімдерін атай аламын. Олардың ішінде, ақын – Қажымұрат Шатқан, Қазақстанға қоныс аударған педагог және аудармашы Тобыш Нияз Қартбайұлы, ғалым – Ислам Жеменей.

Сіздің аймағыңызда қазақтардың қандай қоғамдық бірлестіктері бар? Сіз оларға мүшесіз бе? Олардың қызметі туралы не білесіз? Олардың іс-шараларына қатысасыз ба?

Бұл сұрағыңызға былай деп жауап бере аламын. Иранда қазақтардың дәстүрлері мен мәдениетіне байланысты өткізілетін іс-шаралардың болмауының себептерінің бірі, қазақтардың ресми тіркелген қоғамдық бірлестіктерінің, қазақ қауымдастықтарының жоқтығы болып табылады. Мен тұратын жерде қазақтарға жиналу мүмкіндігі тек жергілікті мешітте ғана бар. Оның жанында жақында Қазақстан Республикасының Ирандағы консулдығының бастамасы мен қолдауының арқасында этникалық қазақтарға арналған кітапхана ашылады.

Қазақтың ұлттық дәстүрлерін сақтайсыз ба? Қазақ халқының әдет-ғұрыптары бойынша отбасылық іс-шараларды (салтанат, той және басқа да салттар, бала туу, жерлеу және т. б.) өткізесіз бе? Отбасында тәрбиелік мәні бар ұлттық мәдениет пен тұрмыстық заттар бар ма (киім, ыдыс-аяқ, күмістен жасалған ұлттық әшеке-бұйымдар, кәдесыйлар және т. б.)?

Негізінен, Ирандық қазақтар өз отбасыларында мерекелерді өткізу кезінде қазақтың байырғы дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтайды. Біз "Бесікке салу", "Тұсаукесер", "Жарысқазан" және басқа да салт-дәстүрлерді білеміз. Сонымен қатар, көптеген қыз-келіншектер салтанатты жиындарда қазақтың ұлттық киімдерін киеді, өйткені олардың көпшілігі қолөнершілер болғандықтан өздері тігеді немесе кейде оны Қазақстаннан, яғни Ақтау қаласынан әкеледі.

Қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдары да жақсы таныс. Отбасылық мерекелерде бешбармақ, қуырдақ, бауырсақ пісіріледі. Тек, "Наурыз мейрамы" Иранның салт-дәстүрлеріне сәйкес тойланады, оны өткізу кезінде негізінен Иранның ұлттық тағамдары дайындалады және әдет-ғұрыптары сақталады.

Иран қазақтарының Қазақстанға қоныс аударуға көзқарастары қандай? Қазақстандық жаңалықтарға қызығушылық бар ма?

Бір қызығы, ересектер де, жастар да Қазақстанға көшуге тырысады. Қазіргі таңда, мен Ақтау қаласында оқитын Иран қазақтары арасынан студенттер бар екенін білемін. Сондай-ақ, менің қызымның қазақстандық мектепте оқып, әрі қарай қазақстандық жоғары оқу орнына түскенін қалаймын. Өзім де Қазақстанға көшіп келіп, ұлттық кілем тігу, жіп дайындау және т. б. кәсіппен айналысуды жоспарлап отырмын.

Қазақстан туралы ақпараттарды интернет арқылы, Қазақстанға көп келетін қазақтардың әңгімелерінен білеміз, сондай-ақ қазақстандық жаңалықтармен де қызығамыз.

Біздің әңгімеміздің барысында айтылмаған, бірақ сізді толғандыратын қандай мәселені сипаттап бергіңіз келеді?

Пікір айтуға мүмкіндік беріп жатқандарыңызға рахмет. Қазақ тілі жайында айта кеткім келеді. Иран қазақтарының басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлейтіндігіне ерекше назар аударуға тұрарлықтай. Қазақ тілін білудің құпиясы – біз әрқашан өз ана тілімізді құрметтедік және оны бүгінгі күнге дейін жалғастырудамыз. Үйде ата-аналар балаларымен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Бірақ, сонымен қатар, көптеген ирандық қазақтарға кириллицадағы әріптер қиын болғандықтан, олар қазақ тілінде жазу мен оқуды білмейді.

Сондай-ақ, Иранда қазақтардың басым тұратын жерлерінде қазақ отбасылары бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлесетін көшелер бар.

Қазақ тілін үйренудегі мәселе Иранда қазақ тіліндегі мектептердің, сыныптардың, курстардың және тіпті әдебиеттердің жоқтығында (Иран үкіметі шағын халықтарды қолдамайды, оларды ерекше топқа бөлмейді, бұл мәселені реттейтін жеке заңнама да жоқ).

Сондай-ақ, Қазақстанға келетін ирандық қазақтардың кириллицаны, орыс тілін білмеуі мәселесі бар, бұл өз кезегінде тез бейімделуге, қажетті құжаттамаларды жинауға және т. б. кедергі келтіреді.

Дегенмен интернет желісінің дамуына байланысты тілді өз бетінше оқып-үйрену жағдайы қазір әлдеқайда жақсы, өйткені көбі интернеттен қосымша материал іздейді, қазақ тілінде фильмдер мен сериалдар көреді, сондай-ақ қазақ тілін оқып-үйрену бойынша "Отандастар қоры" КеАҚ ұйымдастырған онлайн платформада оқуға мүмкіндік бар. Бұрын Иран қазақтары, қазақ тілін үйрену үшін, Қазақстаннан келетін кассеталар, CD-дискілер, оқу және көркем әдебиеттерді бірнеше ай күтетін.

Иран қазақтары қазақ тілін сақтап қалуда бірнеше кең таралған тәсілдерін ұстанады. Біріншіден, бұл – Қазақстанда тұратын қазақ туыстарымен интернет және әлеуметтік желі, ұялы байланыс арқылы жиі қарым-қатынас жасау, ал екіншіден, қазақ тілінде, негізінен YouTube желісінен сериалдар, фильмдер, бағдарламалар, жаңалықтарды көру мүмкіндігін пайдалану арқылы.

Айтпақшы, мен Қазақстанның латын графикасына көшуге қатысты саясатын қолдаймын және бұл қадам тек Иран қазақтары үшін ғана емес, жалпы бүкіл шетелдік қазақ диаспорасы үшін, сондай-ақ Қазақстанның болашағының дамуы үшін өте дұрыс және пайдалы болады деп есептеймін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Ресми деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ираннан келген этникалық қазақтардың 20 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына келіп, үш елді мекенге (Есіл ауданының Петровка және Николаевка, сондай-ақ Шал ақын ауданының Сергеевка ауылдарында) қоныстанды.

Сондай-ақ, сол уақытта Иран Ислам Республикасының Горган қаласынан Қазақстанға 53 қандас келді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттарына сәйкес, 2021 жылы Қазақстанға қандастар мәртебесін алған 12,5 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келді. Бұл ретте тарихи отанына көбінесе Өзбекстаннан (келгендердің 76%), 9,8% – ҚХР-дан, 6,8% – Түрікменстаннан, 2,5% – Моңғолиядан және 4,9% – басқа елдерден келеді. 1991 жылдан бастап Қазақстанға барлығы 1,8 млн адам оралды.

Г.Г. Галиакбарова, PhD "Отандастар қоры" КеАҚ сарапшысы

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
?
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз