Жаңалықтар тізбегі
0

Әйгілі спортшы Владимир Смирнов Бейжіңдегі олимпиада мен Қазақстан туралы

Владимир Смирнов, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.02.2022 10:22 Сурет: Zakon.kz
Қысқы спорт түрлері бойынша қазақстандық әйгілі спортшы Владимир Смирнов Zakon.kz тілшісіне ұлттық құраманың Олимпиададағы мүмкіндігі туралы айтып берді.

6 ақпан. 2022 жылғы Олимпиада ойындары. Чжанцзякоудағы шаңғы стадионы. Баспасөзге арналған трибунаның қасында тағы бір — Халықаралық Олимпиада комитетінің қызметкерлері мен команда делегаттарына арналған трибуна бар. Сол мінберде киімі ерекшеленбейтін бір ер адам отыр. Жарыстың басталуын күтіп отыр.

Ол — тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш Олимпиада алтынының иегері, қысқы спорт түрлерінен ең атақты қазақ спортшысы, аты аңызға айналған шаңғышы Владимир Смирнов.

— Владимир Михайлович, Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында қайдан жүрсіз?

— Халықаралық Олимпиада комитетінің кейбір жобаларына қатысып тұрамын. Кейінгі кезде қолға алған жобаларымның ішінде 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы болды. Халықаралық олимпиада комитетінің үйлестіру комиссиясында жұмыс істедім. Онда биатлон, шаңғы жарысы, шаңғымен секіру, тау шаңғысы, шаңғымен және конькимен сырғанау спорты бойынша олимпиадалық трасса дайындадық. Бейжің осы ойындарды өткізу құқығын алғаннан бергі алты жылда қыруар жұмыс атқарылды. Менің ойымша, нәтиже өте жақсы. Нысандар әлемдік деңгейде әрі қолжетімді болып шықты. Бейжің, Чжанцзякоу, Яньцинь қалаларының бірден-бір кемшілігі — мұнда табиғи қыстың болмауы. Бірақ ұйымдастыру комитеті қолдан келгеннің бәрін жасаған. Олар жасанды қар дайындады, оны трассаға түсірді, жарысты өткізуге тамаша жағдай жасады. Сондықтан ұйымдастыру алқасы атқарған дайындық жұмысы жоғары бағаға лайық деп ойлаймын. Енді Олимпиада ойындарын аман-есен өткізіп, қорытынды бағасын алу қалды.

— Шамамен бір апта бұрын Чжанцзякоуда көбірек қар жауды. Нағыз қыстың атмосферасын сезіндік. Олимпиада жарысына бұл жеткіліксіз бе?

— Әрине, жеткіліксіз. Жарыстар үшін 30-50 сантиметр табиғи қар түсуі керек. Сол кезде ойын үшін тамаша болады. Басқа жағдайда жасанды қармен толықтыруға тура келеді. Мына жердің трассасы жарап тұр, ешкім шағымданып жатқан жоқ. Бірақ айналаға қанша ағаш еккеніне қарамастан қатты жел соғады.

Қысқы олимпиада, Бейжің, алаң, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.02.2022 10:22

Сурет: Zakon.kz

— Владимир Михайлович, сіз қазір Швецияда тұрасыз ба?

— Қазақстаннан 2014 жылы кетіп, содан бері көбіне Швецияда болдым. Оған дейін Қазақстанда жұмыс істедім. 1999 жылы ХОК мүшесі болып сайландым. Сонымен қатар ХОК Атқару комитетінің мүшесі болып белгілі бір мерзім жұмыс істедім (2002 жылға дейін – ред.). Қазір онда ешқандай қызмет атқармаймын. Бірақ ХОК жұмыс комиссияларының мүшесімін.

— Қазіргі қазақстандық шаңғышыларды бақылап жүресіз бе?

— Шаңғышыларды ғана емес, басқа қысқы спорт түрлері бойынша қазақстандықтарды бақылап тұрамын. Мұнда спорт нысандарының арасы өте алшақ, қазақстандықтар қатысатын жарыстың барлығын тамашалау мүмкін емес. Бүгін (6 ақпан) фристайл-могулға барғым келген, бірақ қайтып үлгермейтіндіктен кейінге қалдыруға тура келді. Барша қазақстандықтарды қолдаймын және біреу шынымен де медаль жеңіп алады деп ойлаймын. Жеңсе, өте қуанамын.

— Өкінішке қарай, ұлттық құрамада шаңғы спортынан бұрын сіз көрсеткен шеберлік деңгейін көрсететіндей спортшыларды атау қиын. Қазақстаннан жаңа жұлдыздар, әлемдік деңгейдегі спортшылар шыға ма?

— Қазіргі нәтиже заңды деп ойлаймын. Себебі кейінгі кезде тек шаңғы жарысын ғана емес, шаңғы спортын дамытуға аз көңіл бөлініп жатыр. Қысқы спорт түрлерінің мәдениетін қалыптастыру үшін жастарға көңіл бөлу, оларды тәрбиелеу керек. Бұл жерде іштен қуат, жоғарыдан бастама болмаса, даму өте қиын. Арнайы алаң, жолдар дайындау керек. Ол үшін бізге көліктер, қар тазалағыштар, стадиондар қажет. Ал мұның бәрі қаржыны, жақсы инвестицияны қажет етеді. Ақша бөлінгенмен әлі жеткіліксіз. Бүкіл республикаға жетпейді. Бізге қысқы спортты дамытуға көбірек көңіл бөлу керек.

Жазғы спортты дамыту әлдеқайда оңай әрі арзан. Бір залда бірден бірнеше спорт түрін өткізуге болады. Мысалы, бокс, күрес, дзюдо және тағы басқа. Ал қысқы спорт түрлерінде олардың әрқайсысының өз тректері, өз стадиондары және жаттығу критерийлері бар. Кейін бұл нысандардың күтімі, сақталуы бар. Сондықтан қысқы спорт түрлері қымбатырақ және оны дамыту қиын. Қымбат болуына қарамай, жағдай жасай беру керек. Себебі бұл — ұлттың саулығы. Үлкен спортшылар шықпаған күнде де, адамдардың денсаулығы әлдеқайда жақсы болады. Владимир Смирнов

— Сіздің ойыңызша, Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарында биатлон және шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрамасынан қандай нәтиже күтуге болады?

— Менің ойымша, биатлон мен шаңғы жарысында Қазақстанның мүмкіндігі өте жоғары. Биатлонда Галина Вишневская жақсы жағдайда үздік ондыққа кіре алады. Шаңғы жарысында Виталий Пухкало жақсы өнер көрсете алады деп ойлаймын. Ол өткен және алдыңғы жылды өте лайық өткізді. Бұл маусымда одан нашарлау. Бірақ 2022 жылғы Олимпиадада оның жоғары өнер көрсетуге мүмкіндігі бар. Тек мақсатты түрде баптап, стартқа дайындалуы керек.

— Владимир Михайлович, сізге Қазақстанда қайтадан жұмыс істеу ұсынылса, келісесіз бе?

— Ешқашан қарсы болған емеспін. Қуана келісемін, маған бұл өте қызық. Қазақстан — менің Отаным, өзіме таныс, көріп өскен мәдениет. Кедергі жоқ. Ұсыныстар болса, міндетті түрде қарастырамын.

Сұхбаттасқан: Альберт Ахметов

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: