Жаңалықтар тізбегі
0

Бейжің-2022. Шорт-трекшілердің бас бапкері жүлде алу үшін не жетпегенін айтты

Бас бапкер сұхбат берді, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.02.2022 11:02 Сурет: olympic.kz
Команда бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков бізде болашағынан үміт күттіретін, көзінде оты бар жастар бар. Соларды келесі Олимпиадаға дайындаймыз деген ойын жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz

Бейжің олимпиадасында шорт-трекшілер бәсекесі аяқталуға жақын. Кезекті жарыс күнінде команда үздігі Абзал Әжіғалиев 500 метрлік қашықтықта төртінші орын иеленді. Осы қашықтықта сынға түскен Денис Никиша 7-ші сатыға табан тіреп, алғашқы ондыққа енді. Ал 9 ақпан күні 1500 метрге жарысудан сынға түскен Әділ Ғалиахметов А финалында бақ сынап, сегізінші орынға тұрақтаған болатын. Команда бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков шәкірттерінің Бейжіңдегі нәтижесіне тоқталып, жүлде алу үшін не жетпей қалғанын айтты, деп жазады Olympic.kz.

Бейжің олимпиадасындағы спортшылардың көрсеткішіне қандай баға бересіз?

Олимпиададағы жетістігімізді жоғары бағалаймын. Бұл нәтижеге іліге алмай жатқан елдер де бар. Дегенмен осы маусымдағы дайындығымыз өте жақсы өтті. Біздің алаңсыз жаттығуымызға мүмкіндік берген Ұлттық олимпиадалық комитетке алғысым зор. Командамыз берілген қаражатты толық ақтады деп ойлаймын.

Абзал медальға қол созым жерден тоқтады. Біздің жігіттеріміз үшін 500 метр ең ыңғайлы қашықтық еді. Финалда қарсыластарын күтіп қалды деп ойлаймын. Егер бірден үшінші орынға шығып алғанда, сол орнын сақтап қалатын мүмкіндігі мол болатын. Бесінші орыннан қуып жету қиынға түсті, оның үстіне италиялық та біраз кедергі келтірді.

Денис Никиша тактикалық қате жіберді. Ол бұрылыс кезінде қарсыласты оң жағынан басып озбақ болды. Ал бұл сәтте сол жағынан келетін спортшының жылдамдығы жоғары болды да, алға сол шығып кетті.

Әділ Ғалиахметов өте жас әрі талантты спортшы. Ол 500, 1000, 1500, 3000 метрге де жарысады. Барлық қашықтыққа жүгіретін мұндай спортшы бізде бұрын болмаған. Әлем чемпионатында көпсайыстан бақ сынап, жүлде алатын мүмкіндігі бар.

Әділ секілді талантты спортшыларды тағы да бар ма?

Бізде болашағынан үміт күттіретін, көзінде оты бар жастар бар. Соларды келесі Олимпиадаға дайындаймыз. Еліміздегі шорт-тректі дамыту үшін талай тәжірибені бастан өткіздік. Алдымен Оңтүстік Корея, кейін Нидерланд құрамаларының әдісімен дайындалдық. Екі команда да шорт-тректен әлем үздіктер саналады. Солармен бірге жаттығып, бірге жүрмегенде, біз мұндай нәтиже көрсетпеуші едік.

Қазір әлем елдері шетелден үздік мамандарды шақыртуда. Мұның да көмегі көп. Соңғы бір жылда Ресей командасының бұрынғы бас бапкері, Олимпиада чемпионы Семен Елистратовтың жеке жаттықтырушысы Андрей Максимовты шақырттым. Семен да командамен бірге дайындалып, жігіттер бір-біріне көмектесті. Бізге енді өз бапкерлерімізді дайындау қажет. Сырттағы үздік командалармен үнемі байланыста болып, жастарымызды, жасөспірімдерімізді дамытуды қолға алу керек.

Кейінгі жылы Ресейде жиі жаттыққанымызды айтып өттім. Уфада Семен Елистратовқа арналған, тек қана шорт-трекшілерге арналған үлкен кешен бар. Мұнда тек қана осы спорт түрлерінің өкілдері жаттығады. Міне, сол спорт кешенінде дайындалып, еңбек еттік. Біздегі мұз айдындарын кімде ақша бар, соларға ғана береді. Федерацияға айтар өкпем көп. Үш Олимпиаданы өткіздік, бізге бірде-бір рет көмекке келген жоқ. Тек біз әлемдік жарыстардан орын алғанда ғана, министрлікке мақтанышпен жеткізеді.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Команда мұнымен тоқтап қалмайды. Наурыздың ортасында Монреальда әлем чемпионаты өтеді. Сол сынға дайындаламыз.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: