Алматы зообағына биыл 85 жыл: жануарлар қыста қалай өмір сүріп жатыр?
Алматы зообағы 1937 жылы 7 қарашада ашылған. Биыл баққа 85 жыл толып отыр. Ашылған жылы-ақ бақта жануардың 70 түрі мекендеген. Олар Мәскеу, Ашхабад, Ленинград зообақтарынан әкелінген.
Хайуанаттар бағы негізінен қысы-жазы жұмыс істейді. Қызметкердің сөзінше, тіпті соғыс кезінде де бақтың жұмысы тоқтамаған. Бақ тарихына үңілсек, 1941-45 жылдары жануарларға қарайтын біраз қызметкер майданға аттанып кетсе де, қалған жұмысшылар амалын тауып, жануарларды, әсіресе жыртқыш аңдарды азықтандырған. Тіпті арыстандарды кепкен өрікпен қоректендірген деген деректер бар. Мұндай қиын-қыстау кезде Алматы облысындағы қосалқы шаруашылық өкілдері хайуанаттар бағының қызметіне жәрдемдескен.
Сурет: Zakon.kz
Хайуанаттар бағы жылдың 4 мезгілінде де демалыссыз жұмыс істейді. Бұрын соғыс кезінде жабылмаған бақ, тек 2020 жылы көктемде пандемияға байланысты уақытша қызметін тоқтатқан. Ол уақыт біз үшін ерекше кезең болды.Алматы зообағы Даму бөлімінің меңгерушісі Ақжәми Рахимова
Алматы зообағының ерекшелігі – жыртқыш құстар коллекциясының үлкендігі. Бақта «Қызыл кітапқа» енген жыртқыш құстардың бірнеше түрі бар және олар осында төлдеп, көбейіп жатыр. Жыртқыш құстар қаңтар-ақпан айларында жұмыртқалайды екен.
Сурет: Zakon.kz
Бұйырса, биыл бақтың 85 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Осы уақытта көп тәжірибе жинадық. Енді қандай климат өзгерісі болса да, қалыпсыз ыстық пен суық кезінде де жануарларды қалай бағып-қорғау керек екенін білеміз. Ақжәми Рахимова
Жануарлардың қыс кезіндегі күтімі қалай ерекшеленеді?
Бақтағы жануарлардың жартысы Қазақстан климатына үйренген. Соған байланысты олар қысы-жазы далада өмір сүреді. Құстардың көп бөлігі, бұғы, марал, түйе, амур жолбарысы, қасқыр және тағы басқа хайуанаттар далада тіршілік ете береді. Ал піл, мүйізтұмсық, сусиыр, маймыл, керіктер мен жылы жаққа ұшатын құстар ғимарат ішіне ауыстырылады. Бақ қонақтары қыс түсуіне байланысты жылы жерге көшірілген жануарларды да көре алады.
Сурет: Zakon.kz
Қыста сыртта тұратын жануарлар әдеттегіден көбірек қоректенеді. Мысалы, арыстанның еркегі күніне 7 келі, ал ұрғашысы 6,5 келі ет жейді. Амур жолбарысына 12 келі ет беріледі. Айта кету керек, жыртқыштарда аптасына бір күн ашығу болады. Бұл жануардың асқазан-ішек жолдары тазалануы үшін жасалады.Алматы зообағы Даму бөлімінің меңгерушісі
Бақ қонақтары хайуанаттарды негізінен жазда келіп көргенді ұнатады. Жазда бақ 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Әсіресе маусым, шілде айларында билет көп сатылады. Жаз айларында шамамен 100 мың адам келсе, қыста келушілер 50 есе азаяды екен.
Сурет: Zakon.kz
Зообақты қыста аралаудың бір ерекшелігі – кей жануарды жақыннан көруге мүмкіндік бар. Мысалы, қазір жирафтар жылы жерге орналастырылған. Соған байланысты дәл жанынан көріп, қызықтауға болады. Алматы зообағындағы оңтүстік африкалық керіктер Хан (ер) мен Сұлу (ұрғашы) 22 жаста. Ал екеуінің баласы Ханзада 2020 жылы дүниеге келген. Жираф құрлық жануарларының ішінде ең биігі. Оларға табиғатта адамнан басқа жаратылыстан қауіп жоқ. Себебі үлкендігіне байланысты бұларға ешкім шабуыл жасай алмайды. Мысалы, керіктер арыстанды бір теуіп басын жара алады.
Сурет: Zakon.kz
Осындай үлкен, әрі мықты жануар болғанымен өмірі қысқа. Керіктер әрі кетсе 20-25 жыл өмір сүреді. Біздің жирафтар қартайды деуге болады.Ақжәми Рахимова
Алматы зообағында барлығы жеті бөлім бар:
Экзотикалық құстар
Жыртқыш құстар
Приматтар
Тұяқтылар
Жыртқыштар бөлімі
Экзатариум
Аквариум
Зообақта қандай ерекше жануарлар мекендейді?
Зообаққа жаңадан келген жануар – оңтүстік америкалық альпака. Ол былтыр 11 желтоқсанда Краснодардағы хайуанаттар бағынан келген. Есімі Шоколадка, өзі ер. Альпака төрт түлік мал сияқты – үй жануары. Негізгі жейтін тағамы – шөп.
Сурет: Zakon.kz
Мұнда ақбөкендер де өмір сүреді. Олар дүниежүзінің «Қызыл кітабына» енгенімен Қазақстанның «Қызыл кітабында» жоқ. Кейінгі жылдары табиғат жанашырлары ақбөкеннің қырылып жатқанын айтып, дабыл қағып жүр.
Сурет: Zakon.kz
Жануарларды кейде басқа бақтардан сатып аламыз, кейде алмасамыз. Көп жағдайда жануардың ері мен ұрғашысын жұп қылып алуға тырысамыз. Негізінен зообақ тек жануарды көрсетуге арналған жер емес. Сонымен қатар мұнда жануарлар төлдеп, көбейеді. Зообақтар «Қызыл кітапқа» енген, азайып кеткен немесе табиғатта жоқ жануарларды сақтаумен де айналысады. Ең негізгі мақсатымыз – жануардың генофондын сақтап қалу, көбейтуді үйрену.Ақжәми Рахимова
Сурет: Zakon.kz
Зообақта қазір 5 арыстан бар. Оның бәрін баққа тұрғындар әкелген. Бірақ Даму бөлімінің меңгерушісі бұл арыстандарды көбейту ойда жоқ екенін айтты. Себебі біразының тұқымы, шығу тегі белгісіз.
Елімізде үйіне бала арыстанды сатып алып, асырауға құмар адамдар бар. Олар бастапқыда жануарды түрлі тамақ беріп, қоректендіреді. Кейін өскенде баққа әкеледі, себебі жыртқыш болған соң олар өте қауіпті. Негізінен кішкентай арыстанды тура балаға қарағандай бағу керек. Алты айға дейін ет емес, сүт беріледі.Зообақ қызметкері
Сурет: Zakon.kz
Хайуанаттар бағында екі бегемот бар. Біреуі Израильден, екіншісі Франциядан келген. Біз барғанда қызметкерлер сусиырдың тісін тазалап жатыр екен.
Сурет: Zakon.kz
Бақта қазір үш ягуар мекендейді. Анасы Момын, әкесі Васек. Ал баласы Австралия. Айтпақшы, бақ қызметкерлері бұл ягуар дүниеге келгенде атын қалай қоярын оқырманнан сұраған. Тұрғындардың бірі Австралия есімін ұсыныпты.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Зообақ қызметкерлері ырымшыл десем, ешкім ренжімес. Себебі жануарды туғанынан өз баламызға қарағандай мәпелеп өсіреміз, аяқ-қолы дұрыс қалыптассын деп керек азықты береміз, есімін қоямыз. Белгілі бір жаңалық болып жатса, жариялауға асықпаймыз.Ақжәми Рахимова
Аюлардан Алматы зообағында Тянь-шань қоңыр аюы бар: анасы және екі қонжығы. Бақ қызметкерінің айтуынша, бұл аюлар көбіне екеуден туады және қонжықтарын ұрғашысы өзі өсіреді. Жыртқыш аюлардың анасы ерлерінен бөлек өмір сүреді.
Сурет: Zakon.kz
Жануарлардың табиғатта еркін өмір сүргені жақсы ғой деп айтып жатады. Табиғатта жануарға шынымен жақсы жағдай бола ма, мұны ешкім білмейді. Сыртта жануарға қауіп өте көп. Хайуандардың өмірі біз көрген фильмдердегідей әдемі емес шығар? Жануардың бәрі зообақта өмір сүруі керек демеймін. Бірақ мұнда келген жануар қайта табиғатқа сіңіп кете алмайды. Алғашқы күндері-ақ өліп кетеді.Алматы зообағы Даму бөлімінің меңгерушісі
Сурет: Zakon.kz
Үкі – қазақтар үшін киелі құстардың бірі. Оның қауырсынын арнайы жерге түскенде ғана алады. Тіпті құс өліп қалса да, оның қауырсынын қолданбайды.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Жануарларды қалай азықтандырады?
Сурет: Zakon.kz
Мамандардың пікірінше, жануарларға берілетін еттің сапасы міндетті түрде тексеріледі. Көбіне хайуандарға сиыр еті беріледі. Етті тендер ұтып алған ұйым алып келеді. Одан бөлек зообақта азық ретінде қоян, теңіз шошқасы, егеуқұйрық және бөдене өсіріледі. Құстар мен кейбір хайуанға азық ретінде беру үшін құрт-құмырсқа, шегіртке де көбейтеді.
Бақтағы жануарларға тамақ беруге тыйым салынған. Себебі әр хайуанның өз азығы бар. Тамақ күнделікті нормадан асып кетсе, денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, маймыл бір кәмпит жеп қойса, соның өзі денсаулығына әсер етеді.
Сурет: Zakon.kz
Алматы зообағындағы қызметкерлердің жалақысы мен жануарлардың қорегіне қаражат бюджеттен бөлінеді. Ал билеттерден түскен қаржы құрылыс, жөндеу жұмыстарына, алынатын заттарға және тағы басқа керек-жараққа жұмсалады.
Сурет: Zakon.kz
Арасында демеушілер көмектесіп жатады. Мысалы, жақында симба арыстанына вольер салып берді. Оның құны шамамен 32 миллион тұрады. Кейде алматылықтар «бақшада алмамыз қалды» деп, соларды алып келіп береді. Ал оны азық ретінде жануарларға үлестіреміз. Кейде жануарларға бөшке, бидон, машина доңгелектері сияқты ойыншықтар алып келеді.Ақжәми Рахимова
Реконструкциядан кейінгі аквариум бөлімі
Бақтың жаңалықтарының бірі – 2018 жылы реконструкция жасалған Аквариум бөлімі. Мұндағы балықтар зоодүкендерден алынған. Кейбірі ғана теңізден әкелінген. Акваруим бөлімінде 137 түрінен 2 504 бас балық пен теңіз жәндіктері бар.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Мурена өз аквариумындағы кез келген балықты жей алады. Біз балықтарға азықты жеткілікті етіп береміз. Мурена басқа балықтарға тимеуі үшін оның тамағын қатты қадағалаймыз, барынша тойдырамыз. Бұлардың рационы да жақсы. Олар асшаян, кальмар, сегізаяқ, мидии, алабалық жейді. Күніне бір рет тамақтанады. Егер мурена мына жерде жалғыз жүрсе, аса қызық болмас па еді?Алматы зообағы Даму бөлімінің меңгерушісі
Сурет: Zakon.kz
Зообақтағы жануарлар көбіне қартайып, созылмалы аурулары асқынып өледі. Өлген жануарға міндетті түрде зерттеу жасалады. Неден өлгенін анықтап, акт жасайды. Сосын өлікті биоқалдықтарды салатын көлікпен алып кетіп, арнайы шұңқырға тастайды. Үстінен арнайы ұнтағы себіледі. Сонда өліктің түгі қалмай шіріп, жойылып кетеді. Жануарларды тастайтын мұндай жерді Беккари шұңқыры деп атайды.
Алматы зообағы қыста демалыссыз 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Кассадан билетті 17:00-ге дейін ала аласыз. Билет бағасы 6 жасқа дейінгі балаларға тегін, 6-11 жас аралығындағыларға 300 теңге, 12 жастан бастап ересектерге 800 теңге. Зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және көпбалалы аналар (15 жастағы балаларымен) тегін кіре алады. Ол үшін міндетті түрде қағаз құжат көрсетуі керек.