Дінмұхамед Қонаевтың мемориалды пәтер-мұражайынан фоторепортаж

портрет Сурет: Zakon.kz
Биыл – 25 жыл бойы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл.

Осы орайда Zakon.kz тілшісі Алматыдағы Дінмұхамед Қонаев 24 жыл тұрған мемориалды пәтер-музейге барып, үй иесінен қалған дүние мен естеліктерге саяхат жасап қайтты.

Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінің бойында Дінмұхамед Қонаев тұрған пәтер бар. Үйдің өзі екі қабатты. Онда үш подъездің әрқайсында үш үйден бар. Мұнда әлі күнге дейін адамдар тұрады.

үй

Сурет: Zakon.kz

Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысының пәтері бүгінде – ескерткіш музей. Аптасына екі күн, сәрсенбі және сенбі күндері мемориалды пәтер-музей ашық. Әсіресе сенбі күні мұнда басқа қалалар мен елдерден ескерткіш пәтер-музейді көру үшін арнайы келген қонақтарды кездестіруге болады.

үй

Сурет: Zakon.kz

Мұқан Төлебаев көшесіндегі бұл үй 1969 жылы салынған. Дінмұхамед Қонаев осы үйдің екінші қабатындағы пәтерде 24 жыл (1969-1993 жылдар аралығында) тұрған.

Сонымен қатар бұл үйдің өзге подъезінде Кеңес одағының саяси, мемлекеттік және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Байкен Әшімов те тұрған.

1990 жылы Зухра Шәріпқызы қайтыс болған соң бұл пәтерге Дінмұхамед Қонаевтың інісінің ұлы Дияр Қонаев отбасымен келіп тұрған. 1993 жылы қазақтың біртуар азаматы өмірден өткен соң да Дияр Қонаев осында отбасымен өмір сүріп, мұндағы бүкіл бұйымды дәл сол қалпы сақтаған. Үйді еш өзгертпей, өз күтіміне алған. Кейін 2012 жылы Қонаевтың туғанына 100 жыл толғанда ол пәтерді бүкіл затымен музей ретінде мемлекетке табыстаған. Содан бері пәтер-музей қала қарамағында.

Қонаев үйі

Сурет: Zakon.kz

Музейге келген адамдар бұл үйде әлі де адамдар тұратындай сезімді бастан кешетінін айтады. Музей қызметкерлерінің мәліметінше, мұндағы біраз бұйым әлі жұмыс істеп тұр. Оған мысал – сағаттар мен асүйдегі тоңазытқыш.

асүй

Сурет: Zakon.kz

сағаттар

Сурет: Zakon.kz

Үйдің аумағы 230 шаршы метр, биіктігі 3,20 метр. Төрт бөлме бар: үлкен зал, қонақ бөлме, кабинет және жатын бөлме.

үй

Сурет: Zakon.kz

Дінмұхамед Қонаев көзі тірісінде оттық жинаған. Оның ішінде өзі алғаны да, сыйлыққа келгені де бар. Үйде тұрған 400-ге жуық оттық – ескерткіш музейдің ерекшелігі.

оттықтар

Сурет: Zakon.kz

Оның ішінде Джон Кеннедидің отбасы сыйлаған және Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Ясухиро Накасонэ берген ерекше оттықтар да бар. Сонымен қатар Леонид Брежнев сыйлаған, Саддам Хусейн берген оттықтар да сөрелерде тұр.

оттықтар

Сурет: Zakon.kz

Қонаев үйдегі уақытының көп бөлігін өзінің кабинетінде өткізген деуге болады. Мұндағы сөрелердегі көп кітап пен олардың үлкендігі келген адамды таңдандырмай қоймайды.

кітап сөресі

Сурет: Zakon.kz

Жалпы саны 5 мыңға жуық кітап әлі күнге дейін сақтаулы. Үй иесі бұл кітаптың барлығын оқыған. Тіпті кейбірін қайталап оқып шыққан.

кітап сөресі

Сурет: Zakon.kz

Кітаптардың арасында ерекшесі – көлемі жағынан кішкентай Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандығы». Оның көлемі бір сантиметр ғана.

кітап

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар кітап сөрелерінде Зухра Шәріпқызы жинаған 29 Құран кітабы бар. Олардың біразы мұсылман елдерінен әкелінген.

үй

Сурет: Zakon.kz

Қонаевтың кабинетінде үй иесінің жұмыс үстелі, кітаптары, күйтабағы тұр.

күйтабақ

Сурет: Zakon.kz

Үстелде Қонаевтың соңғы қолжазбасы жатыр. Бұл – «От Сталина до Горбачева» кітабының бір бөлігі. Бұл кітапты қоғам қайраткері 1993 жылы жазып бітірген. Алайда кітап еш өзгертілместен Қонаев қайтыс болған соң 1994 жылы орысша «От Сталина до Горбачева», ал қазақша «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген атпен жарық көрген.

жұмыс үстелі

Сурет: Zakon.kz

қолжазба

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар Дінмұхамед Қонаевтың визиткасы туралы айта кеткен жөн. Ол да жұмыс үстелінде тұр. Онда Қонаевтың дәрежесі, қызметі емес, тек мамандығы ғана  «тау-кен инженері» деп жазылған.

Үйдегі есіктер мер терезелер, жиһаздар өзімізде жасалған. Атап айтқанда, жиһаздар Алматыдағы «Мерей» фабрикасынан шыққан. 50 жылдан асса да, әлі күнге дейін есіктер мен жиһаздардың сыры кетпеген.

үй

Сурет: Zakon.kz

Бұл үй 1984 жылы бір рет қана жөнделген. Үйдің едені, төбесі, қабырғасы мен есіктері сол кезден бері 38 жыл бойы еш өзгермеген. Тек пәтер-музей болып ашылғанда бөлмелерге камера қойылған. Ал биыл оттық пен сувенирлер тұрған шкафқа жақсы көрініп тұруы үшін жарық орнатылыпты.

үй

Сурет: Zakon.kz

үй

Сурет: Zakon.kz

Үй иелері тірі кезде бұл пәтерде ірі басшылар, саяси қызметкерлер, сонымен қатар қарапайым ел азаматтары да қонақта болған. Зухра Шәріпқызы үйге келген әр қонақты, тіпті шалғай ауылдардан соға кеткен жандарды да кіргізіп, дәм татқызған. Үйде көмекшісі болса да, тағамды көбіне өзі дайындаған.

үлкен зал

Сурет: Zakon.kz

Пәтердегі серванттарда ыдыс көп. Соның бәрі қонақ күткенде әрі күнделікті тұрмыста пайдаланылған. Ал үйдегі түрлі аспашамды Зухра Шәріпқызы өзі таңдаған.

жатын бөлме

Сурет: Zakon.kz

асүй

Сурет: Zakon.kz

Дінмұхамед Қонаев өзінің «О моем времени» кітабында Зухра Шәріпқызына алғаш көргеннен ғашық болғанын, өмірінің соңына дейін жақсы көріп өткенін жазған. Кітабында Қонаев жұбайы туралы «Біз 50 жыл, алты ай, екі күн бірге тұрдық» деп жазған.

Қонаев пен жұбайы

Сурет: Zakon.kz

Зухра Шәріпқызының мамандығы бухгалтер болған. Ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Тұрмыс құрғаннан кейін Қонаевтар әулетіне келін болып, үй шаруасымен айналысқан.

үй

Сурет: Zakon.kz

Үйде Қонаев пен жұбайының күріштен жасалған портреті бар. Оны Қызылорданың күрішшілері 200 түрлі сорттан жасап, сыйға берген. Бір қызығы портретті жасауға бояу аз ғана қолданылған.

күріштен жасалған портрет

Сурет: Zakon.kz

Қазір үйдің ауласында үй иесінің көлігі тұр. Мұны бірінші хатшының 80 жылдық мерейтойына сыйлаған. Бірақ Дінмұхамед Қонаев оны айдамаған.

Бірінші хатшы бос уақытында аңшылыққа шыққанды жақсы көрген. Ол арнайы рұқсатпен ғана тек күз және қыс айларында саятқа шыққан. Көбіне үйрек, қырғауыл және қабан атып, құс етін балалар үйіне берген.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала құрылды. Оның ішінде Рудный, Екібастұз, Шевченко, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.

үй

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар ол өзінің билігі тұсында түсті металл өндірісі, мұнай өнеркәсібі, машина жасау және өзге де салаларды дамытуға үлкен үлесін қосты. Мысалы, Қазақстан экономикасы Қонаевтың дәуірінде Кеңес үкіметі бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында болған.

үй

Сурет: Zakon.kz

Бүгінде Дінмұхамед Қонаевтың атында Алматыда көше және университет бар. Сонымен қатар Дінмұхамед Қонаев ауылы, Дінмұхамед Қонаев атындағы мектептер бар. Ал музейінің алдында бір бюсті бар. Оның есімі көшелер мен білім беру ордаларына дүние салған соң ғана берілген.

Мемориалды пәтер-музей қызметкерлері біртуар басшыдан қалған осы үй мен ондағы бұйымдарды барынша сақтап қалуды мақсат етеді. Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесіндегі 119 үйге мегаполис тұрғындары мен қонақтары сәрсенбі және сенбі күндері келе алады. Кіру құны ересектерге 500 теңге, студенттерге 300 теңге, зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына 200 теңге. Топтық экскурсияға музей қызметкерін 500 теңгеге жалдауға болады.

Қонаев үйі

Сурет: Zakon.kz

Пәтер-музейдегі арнайы кітапшаға алған әсеріңізді жазып, тілегіңізді білдіре аласыз. Сонымен қатар мемориалды пәтер-музейде Дінмұхамед Қонаевтың өзі жазған кітаптар мен ол туралы жазылған еңбектер қойылған.

үй

Сурет: Zakon.kz

Пәтердің қасында Қонаевтың негізгі музейі бар (Төлебаев 117). Қазір оған жөндеу жасалып жатыр. Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен еңбектеріне қызыққан адам осы екі музейді де аралағаны жөн. Оның бірінде қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметі туралы танысып, ал екіншісінде тұрған пәтерін көре аласыз.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Қазақстан халқына Жолдауында облыстар мен кей қалалардың атауы және облыс орталықтары өзгеретінін айтты. Оның ішінде мемлекет басшысы Қапшағай қаласына халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы ұсыныс түссе, құптайтынын айтты.

Абай мен Ұлытау, Жетісу өңірлерінің атаулары ерекше маңызға ие. Мысалы, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен байланысты. Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беру туралы ұсыныс түссе, мен бұл ұсынысты қолдаймын.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 

 

 

Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз