«Ақиқаттан аттауға болмайды»: Дінмұхамед Қонаевтың өмірден өткеніне – 29 жыл
Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеудің Түсті металл институтында тау-кен инженері мамандығы бойынша оқыған. Еңбек жолын Балқаш мыс қорыту комбинатында бұрғылау станогінің машинисі болып бастаған. Кейіннен цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды. Ал 1939 жылы КОКП мүшелігіне қабылданды.
Қонаев 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Д. Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңірді. Ғылыми-ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асты.
Қонаев 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. Одан соң 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды. Дінмұхамед Қонаев – өз заманының ұлы саясаткері. Ол билік басында болған 26 жылға жуық уақытта елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.
Уикипедиядағы дерекке сай, Дінмұхамед Қонаев ел басқарған жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болған. Атап айтсақ, оның ішінде өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бар.
Сурет: Zakon.kz
Мемлекет ісінен қол үзген кезде де қоғам қайраткері елде болып жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін түсініп, қолдай білді. Бүгінде Қазақстан халқы мемлекет қайраткерін тек жақсы ісімен еске алады. Оның ерен еңбегі, тау-кен ісіндегі шешімдері халық жадында. Әлі күнге дейін қазақстандықтар Қонаевтың кезінде тұрғызылған қалалар мен өндіріс орындары туралы жиі айтады, бағалайды.
Дінмұхамед Қонаев 1993 жылы 22 тамызда 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын, Ленин орденін алған. Сонымен қатар Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Дінмұхамед Қонаевтың айтқан, жазып қалдырған ойлары мен ақылы бүгінге дейін азық:
Жастық шақ қанатты жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін берілген.
Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.
Адамға жазаның ең үлкені — жұмыссыз қалдыру.
Ақиқаттан атап кету — арға сын.
Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
Сенім — құдіретті күш: тауды да қозғайды.
Қайраткердің «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары», «Өтті дәурен осылай», «Сталиннен Горбачёвқа дейін» және «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітаптары жарық көрген.
Бүгінде елімізде Қонаев атындағы оқу орындары, көшелер және оның ескерткіштері бар. Ал биыл ел президентінің ұсынысымен бұрынғы Қапшағай қаласына Қонаев аты берілді.
Сурет: Zakon.kz
Айта кетейік, сонымен қатар биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осы орайда 110-жылдық мерейтой аясында саясаткердің Алматыдағы музейі қалпына келтірілген еді. Музей реставрациядан соң 19 сәуірде ашылды. Аталған жұмысқа еліміздегі музей және архив саласының жетекші мамандары, дизайнерлер, мүсіншілер, суретшілер, видеоинженерлер және тағы басқа мамандар тартылды. Жұмыс барысында жобаның тұжырымдамасы мен эскизі Д.А. Қонаевтың Халықаралық қорымен келісіп, әзірленді.
Бүгін Алматыда Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алу күні өтті.
Еске алу күні аясында Кеңсай зиратында құран оқылып, оның қала орталығында орналасқан бюстіне гүл шоқтары қойылды. Шараға Д. Қонаевтың туыстары мен жақындары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары А. Қырықбаев, қоғам өкілдері, қала тұрғындары қатысты, - делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Сурет: Zakon.kz
Cонымен қатар Алматыда Қонаевтың мемориалды пәтер-музейі жұмыс істейді. Онда біртуар басшыдан қалған бұйымдар мен оның жеке заттары сақталған. Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесіндегі 119 үйге мегаполис тұрғындары мен қонақтары сәрсенбі және сенбі күндері келе алады.