ҰБТ кезінде ереже бұзғаны үшін 322 адамның тест нәтижесі жойылды

ҰБТ, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.07.2022 11:25 Сурет: Zakon.kz
Биыл елімізде ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері 2,5 есеге азайды. Мысалы, былтыр 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 327 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық тестілеу орталығының дерегінше, мұндай көрсеткішке 2020 жылы ереже бұзуға тырысқан қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы норманың енгізілуі мен әр тестіленуші үшін фронталды камераларын орнатуы әсер еткен.

Биыл тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылды. Көрсеткіш 4 есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1305 адам шығарылған еді.

Жыл сайын ҰБТ ережелерін бұзу саны азайып келеді. Мысалы, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы 2522, 2021 жылы 756 тыйым салынған зат табылған еді. 2019 жылмен салыстырғанда шпаргалкалар мен смартфондарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азайды. Ал тестілеу үстінде ереже бұзу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 4 есеге азайған, – деп мәлімдеді ОКҚ брифингінде ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығы директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен бірге орталықтың хабарлауынша, барлық бейнежазбаға 31 желтоқсонға дейін талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Постпрокторинг нәтижесі бойынша қазір 15 адамның нәтижесі жойылып, екі жүзден астам талапкердің нәтижесі қайта тексеруден өтіп жатыр.

Биыл тестілеу алғаш рет «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізілді. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылды. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралар арқасында қаңтар, наурыз және негізгі ҰБТ қорытындылары бойынша бөгде адамдарды кіргізуге тырысудың тек бір фактісі тіркелді. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа тұлғаны жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды. Естеріңізге сала кетсем, былтыр бұндай 18 жағдай анықталған еді», – деді Руслан Емелбаев.

Тестілеу барысында кейбір талапкерлерден жасырын камералар, шағын құлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: