Жаңалықтар тізбегі
0

Алматыда кеңес билігі қалай орнады

Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2022 15:46 Сурет: ашық дереккөзден
Биыл Қазан төңкерісіне 105 жыл толды. Көптеген аға буын өкілдері үшін бұл күн ұзақ жылдар бойы күнтізбеде қызылмен белгіленген еді.

Ұлы Қазан социалистік төңкерісі деген сөздің өзі аты аңызға айналған «Аврора» крейсерінің атысымен, Қысқы сарайға жасалған шабуылмен, Лениннің жүзеге асқан төңкеріс туралы сөзімен байланысты болды. Осы орайда қазіргі Алматы қаласында кеңес билігінің қалай орнағанын еске түсірейік.

1917 жылы Түркістан мен Жетісудағы саяси ахуал өте күрделі еді. Жылдың басында 1916 жылғы көтерілістің жаңғырығы сезіліп, жалпы халық жарақаттан кейінгі күйзеліске түскендей күй кешті. 1916 жылдың екінші жартысында Жетісуда көтерілісшілер мен жазалаушылардың зорлық-зомбылық әрекеттері асқынып тұрған, ал 1917 жылдың бірінші жартысында халық жан-жағына сақтықпен қарап тіршілік етті.

Монархистерден басқа барлық саяси күштер Ақпан төңкерісін үмітпен қарсы алды. Қазақтар ақыры дау болған жер мәселесін шешіп, қоныс аударушыларға үлестірілген жайылымдық жерлерін қайтарып алуға үміттенді. Орыс шаруалары артық астықты тартып алу тоқтайды деп күтті. Себебі, азық-түлік жарналары кең таралған мифке сәйкес азаматтық соғыста емес, дәл 1916 жылы басталған еді. Сондай-ақ қазақтардың Жетісудағы тыл жұмыстарына шақыруға қарсы көтерілісіне оның алдында болған астық толқулары да әсер етті, өйткені астық реквизицияларының салдарынан шаруалардан артық азық-түлік алынып, майданның қажетіне жұмсалды, соның кесірінен олар табысынан айырылды.

Патшалық шенеуніктеріне қарағанда, Уақытша үкімет қайраткерлері өңірлердегі ахуалды әлдеқайда жақсы түсінді.

Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2022 15:46

Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстанда Уақытша үкімет өкілдері ұлттық зиялыларға сүйенуді жөн көрді. 1917 жылдың көктеміне қарай олардың басым бөлігі «Алаш» партиясына бірікті. Оның басшылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Жанқожа Досмұхамедов және басқалары кейіннен Уақытша үкіметке кірген көрнекті орыс либералды қоғам қайраткерлерімен тығыз байланыста болды. Бөкейханов I Мемлекеттік Думадан бері Уақытша үкіметтің сыртқы істер министрі Павел Милюковпен жақын таныс еді. Ал Әділет министрі Александр Керенский тіпті 1916 жылғы көтерілістің қызған шағында Ташкентке келіп, сол жылдың қараша айында Мемлекеттік Думаның мінберінен Дала өлкесіндегі қайғылы оқиға туралы баяндады. Санкт-Петербургте бұл қайғылы оқиғалар іс жүзінде байқалмаған еді. Ол кезде Ресей империясының астанасы Григорий Распутиннің патша отбасына және жалпы ішкі саясатқа ықпалының артуына байланысты Брусиловтың сәтсіздігі мен саяси интригаларын бастан өткізіп жатқан.

Алашордалықтарға сүйенген Уақытша үкімет оларды Қазақстандағы маңызды лауазымдарға тағайындады. Осылайша, Торғай облысында Уақытша үкіметтің комиссары болып Бөкейханов, Түркістанда уәкілетті лауазымдарға Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев және Орест Шкапский (Орта Азия зерттеушісі және жер статисті) тағайындалды. 1917 жылғы жазда Орынбор мен Верныйда Жалпықазақ съездері өтіп, онда қазақтарды толғандырған өзекті мәселелер шешімін тапты.

Олардың ішінде, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының жерлері Қазақстан деп аталуы және өңір қоныс аудару үшін жабылуы. Жерге қатысты Соломон шешімі қабылдануы – қазақтарға заң жүзінде иеліктен шығарылған, бірақ іс жүзінде қоныс аударушылардың иелігіне өтпеген учаскелер қайтарылды. Ал қоныс аударушылар орналасып, тіршілік етіп жүрген жерлер олардың иелігінде қалды. Ұлттық автономия туралы шешім Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін кейінге қалдырылды. Қазақтарға 1907 жылғы үшінші маусым төңкерісінен кейін алынған сайлау құқықтары қайтарылды. Сондай-ақ діни мәселелерді шешетін Рухани басқарма құру туралы шешім қабылданды. Алаш автономиясының болашақ Парламентінде орыс Православие халқы үшін 25 орынның 10-ына квота бөлу көзделді.

Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2022 15:46

Сурет: ашық дереккөзден

Саяси пәтуаға қол жеткізілгендей көрінді. Алайда, саяси күн тәртіп жаңа ережелерді талап етті. Халықтың көңіл-күйі радикалды түрде өзгерді. Бұл үдеріс әсіресе майданнан және тыл жұмыстарына шақырылған қазақтар қайтарылғаннан кейін күшейе түсті. Сол кезде майдандағы большевиктік үгіт-насихат өте жақсы жүргізілді және майданнан үйлеріне оралған адамдардың көбісі большевиктік максимализмді миларына сіңіріп келді. Яғни, "тартып алу және бөлу" идеясы көп адамның санасына құйылды. Сонымен қатар, большевиктер ұлттардың өзін-өзі билеу құқығына кепілдік берді, осылайша бірінші кезекте ұлттық мүддені көздеген қазақтардың бір бөлігін өз жағына тартты. 1917 жылдың көктемінде қабылданған 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жасау шешімі большевиктерді қолдайтын тұрғындардың қатарын арттырды. Олар жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының атышулы кеңестеріне ұйымдасқан түрде тіркелді. Көбісі большевиктік бағдарламаны ұстанған жоқ, айлада, олардан билікті өз қолына алып, тәртіп орнатуға қабілетті күшті көрді.

Мұның барлығы Уақытша үкіметтің сәтсіздігіне ұласты – экономика хаосқа ұшырады, Бірінші дүниежүзілік соғыс жалғасты, халық күн санап кедейлене берді.

1917 жылғы наурыздан қазанға дейінгі кезеңде екі билік болды – бір жағынан Уақытша үкімет, екінші жағынан кеңестер. Кеңестер барған сайын күшейе түсті, ал Үкімет керісінше әлсіреді. Нәтижесінде 1917 жылғы 25 қазанда Санкт-Петербургте Уақытша үкімет құлады – Петросоветті бақылаған большевиктер қарулы көтеріліс ұйымдастырып, билікті басып алды. Большевиктер жергілікті жерлерде жылдам және ұқсас тәсілмен әрекет етуге шешім қабылдады – жергілікті хаосты пайдаланып, қаладағы кедейлерге үгіт-насихат жүргізіп, қару-жарағы бар адамдарды өз жағына тартты. Бұл амалдары Ташкентте тез жүзеге асты – онда 1917 жылғы 1 қарашада кеңес билігі орнады. Ол жерден Түркістан бойынша Уақытша үкіметтің Комиссарлары Верныйға көшті, өйткені олар алғашқы большевиктік жарлықтар шыққанда заңсыз деп танылды. Ол кезде Ташкент ірі өнеркәсіптік және логистикалық орталық болған. Онда большевиктерді қолдаған пролетарлық халық көп болды. Ал аграрлық Жетісудағы жағдай басқаша еді, онда халықтың көп бөлігі шаруалар мен казактар, тек шағын зауыттар мен өндіріс жұмысшыларының бір бөлігі ғана пролетариат саналатын.

Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2022 15:46

Сурет: ашық дереккөзден

Жергілікті қазақ халқы Алашты, ал орыс шаруалары – социалистік революционерлер мен меньшевиктерді қолдады. Уақыт өте келе алашордалықтар мен Жетісу казактары одаққа бірікті, бұл жағдай бұрын мүмкін еместей көрінген. Күні кеше бұл екі тарап қастасқан жау болған, 1916 жылғы көтеріліс кезінде бір-бірімен жан алысып соғысты. Енді Тынышпаев пен Шкапский большевиктермен күресу үшін осы екі күшті біріктіруге шешім қабылдап, біріккен Әскери үкімет құрды. Алаш атты әскері мен Алаш милициясы қаладағы тәртіпті қадағалады. Дегенмен, большевиктерден төнген қауіп барған сайын артты. 1917 жылдың жазында әскери-тыл жұмыстарына жұмылдырылған майдангер сарбаздар мен қазақтардың үйлеріне оралған кезінде өңірдегі революциялық көңіл-күй мен большевиктердің әсері күшейе түсті. Верныйдағы сарбаздар мен жұмысшы депутаттар кеңесінің жанынан кейбір әскери бөлімдерде, баспаханада және пошта-телеграф кеңсесінде большевиктік партиялық ұяшықтар құрыла бастады. Бірақ казак ауылдарында олардың ықпалы атаман басшылармен салыстырғанда әлсіз болды.

Алайда сол кездегі билік казактардың бірлігіне қол жеткізе алмады. Олардың бір бөлігі Әскери үкіметке адал болса, бір бөлігі өздігінен әрекет етті, ал енді бірі жергілікті кеңестермен келіссөздер жүргізе бастады.

Верныйдағы ахуал шиеленісе түсті. Большевиктер үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, қарулы көтеріліске шақырды. Олардың қарсыластары да шешуші әрекетке көшті. 1917 жылғы желтоқсанда Верный большевиктері Карп Овчаров пен Александр Березовский өлтірілді. Бұл кісі өлімдері әлі күнге дейін ашылмаған – 1917-1918 жылғы қыстың дүрбелеңінде тергеу жүргізетін ешкім болмады. Кеңес заманында оларды казактар өлтірді деп айтылды. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай нақты деректер анықталған жоқ. Бұл оқиға жағдайды одан әрі шиеленістірді. Большевиктік күштер Жетісудың екінші шаруалар съезінде мәлімдеме жасап, атап айтқанда, Овчаров пен Березовскийдің өлімдерін тергеуді талап етті. Ал ақпанның 14-інен 15-іне қараған түні Верный көшелерінде жалпықалалық митингке жиналуға шақырған большевиктік парақшалар тарады. Митинг Покровский соборының жанындағы ескі зират алаңында өтті (қазір бұл жерде Амангелді Имановқа ескерткіш бар). Оған жұмысшылар мен қаладағы кедейлерден бөлек, 2-ші Жетісу казак полкінің көптеген казактары қатысты. Шкапский мен Ивановты тұтқындау және Кеңес билігін орнату туралы қаулы қабылдады. Алайда, Әскери үкімет ереуілді таратып, ұйымдастырушылардың бір бөлігін тұтқындады.

Бірақ, бұл тек уақытша тактикалық жеңіс еді. Большевиктер ауылдардағы казак полктарымен үгіт-насихат жұмысын күшейтіп, нәтижесінде 2-ші Жетісу казак полкін өз жағына өткізіп алды.

Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2022 15:46

Сурет: ашық дереккөзден

Тарихшы Татьяна Миропольская 1918 жылғы 2 наурызда Верныйда болған оқиғаларды былайша баяндады:

Таңертең казактардың екінші полкы Жасақтан қарусыз сапқа тұру туралы бұйрық алды. Полк бұл бұйрыққа күдіктеніп, Жасаққа барлаушылар жіберді. Көп ұзамай барлаушылар Жасақтың барлық елшілері тұтқындалғаны туралы хабар әкелді. Сөйтіп полк оларды босатуға шықты, 631 казак қызыл тудың астына жиналды.Тарихшы Татьяна Миропольская

Казактар расымен де большевиктердің идеясын ұстанды ма әлде күші басым тарапты таңдады ма деген сұрақ әлі күнге дейін тарихшылар арасында қызу пікірталас тудырады. Дегенмен, олардың қалада кеңес билігі орнауына елеулі үлес қосқаны анық. 2 наурызда қызыл гвардия жасақтары құрылды. Наурыздың 2-сінен 3-іне қараған түні бұл жасақтар юнкер мен прапорщиктерді, Алашорда жүздігін қарусыздандырып, пошта, телеграф, бірқатар мекемелердің ғимараттарын және бірде-бір оқ атпай қару-жарақ қоймалары бар бекіністі басып алды.

Тарихшы Татьяна Митропольская жазғандай, 2 наурыз күні кешке қызыл гвардия жасақтарын поручик Павел Береснев пен урядник Трофим Анискин басқарды. Және олар өз әрекеттерін жақсы ойластырды. Қазақ жұмысшылары мен майдангерлерінен құрылған жасаққа Алаш милициясын қарусыздандыру тапсырылды. Ал казактарға бекініс пен прапорщиктер мектебін алуға бұйрық берілді. Осылайша, Әскери үкіметтің күші жойылды. 4 наурызға қарай қаладағы билік толығымен Әскери-революциялық комитетке өтті.

ескерткіш, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2022 15:46

Сурет: ашық дереккөзден

Мұхамеджан Тынышпаев ол кезде Мұстафа Шоқайдың ұсынысымен Түркістан автономиясындағы қатынас жолдары министрі қызметін атқаруға Қоқанға кеткен. Сөйтіп ол Алашорда үкіметіне кірді, кейіннен Кеңес өкіметінің жағына өтті. 1920-30 жылдары Тынышпаев республиканың ең көрнекті көлік инженерлерінің бірі болды, Түрксіб құрылысында маңызды рөл атқарды. Алайда, 1937 жылы ол барлық алашордалықтар сияқты қамауға алынып, атылды. Ал Орест Шкапский Әскери үкіметтің билігі құлағаннан кейін Құлжаға кетуге тырысты, бірақ шекарада тұтқындалып, Верный түрмесіне қамалды. 1918 жылы сотсыз және тергеусіз атылады.

Уақыт өте келе Әскери-революциялық комитет қатарында тазалау жұмыстары жүргізілді. Комитет әртүрлі күштер жиналған органнан таза большевиктік күшке айналды. 1918 жылдың күзінде олар «Қызыл террор» жүргізіп, өздеріне қандай да бір қауіп төндіретіндердің барлығын жоя бастады. Атап айтқанда, Верный епископы және Жетісу Пимені (Белоликов) осы террордың құрбаны болды – большевиктер оны 1918 жылғы қыркүйекте Баум тоғайында өлтірді. Діни қудалау кезеңі басталды, дворяндар, көпестер, зиялы қауым өкілдері қудалауға ұшырады. 1920 жылы тақтан тайдырылған күштер Верный көтерілісі кезінде билікті қайтарып алуға тырысқан, бірақ бұл әрекеттері іске аспады. Осылайша, қалада, республикада және бүкіл елде кеңес билігі 70 жылдан астам уақытқа орнады.

Константин Козлов

Аударған Айдар Өрісбаев

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: