Жаңалықтар тізбегі
0

Сайлау жүйесі: Әділдік пен ашықтыққа ұмтылыс

Сенат сайлуы өтеді, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.12.2022 12:01 Сурет: Zakon.kz
Президент биылғы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" Жолдауында еліміздегі сайлау процесін жаңғырту қажеттігіне тоқталып: "Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор.

Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады", деген еді. Осы орайда жуырда өткен Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы еліміздің сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне елеулі сын болғаны анық.

Референдуммен сабақтас сайлау

Биылғы маусым айында өткен бүкілхалықтық референдумда халқымыз Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан орнату мақсатымен ұсынған конституциялық реформасын толығымен қолдағаны мәлім. Тіпті Қазақстандағы саяси іс-шараларға әдетте сыни көзбен қарап, сенімсіздік білдіріп тұратын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) референдумды байқау миссиясы (РБМ) өзінің қорытынды есебінде: "Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың "Жаңа Қазақстанды", соның ішінде президенттіктің ықпалын азайтып, басқа институттарды нығайту мақсатында мемлекеттік билікті қайта бөліп теңестіру жөніндегі ұсыныстарын қолдауына арнап ұсынылған конституцияның 33 бабына өзгерісті бекіту жөніндегі референдумды міндетті түрде өткізуге шақырды. Биылғы жыл басындағы "Қаңтар оқиғалары" кезіндегі саяси сілкіністер мен зорлық-зомбылық әрекеттерден кейін қолға алынған конституциялық өзгерістер енгізу бастамасына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ мүшелері сөйлескен адамдардың көбі қолдау білдірді", деп атап көрсетті.

Осы орайда Мемлекет басшысының Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бастамасы қисынды шешім болды. Биылғы 1 қыркүйекте Парламент депутаттарының алдында "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" Жолдауын жариялаған Президент: "Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет", деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысы ұсынған тағы бір тосын да өте маңызды жаңашылдық – Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, оның қайта сайлануына тыйым салу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешіміне Парламент те, халық та қолдау білдірді. Себебі, екі мерзімге сайлану мүмкіндігі бар Мемлекет басшысы жоғарғы билік тізгінін қолына алысымен мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыруға жан-тәнімен жұмылудан гөрі келесі сайлаудың қамын көбірек күйттеп, "пиармен", яғни өзіне жарнама жасаумен айналысып кететінін Еуропаның кейбір елдерінің мысалынан көріп жүрміз. Ал 7 жыл – кез келген сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім. Осы жаңашылдық бір адамның елді басқаруының максималды ұзақтығын үш жылға (10 жылдан 7 жылға дейін) қысқартатыны да көңілге қонады.

Сөйтіп, қоғамдық-саяси өмірде әбден пісіп-жетілген көкейкесті мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған саяси реформаларды дәйектілікпен жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруге қатысқан 8 278 570 сайлаушының 6 456 392-нің, немесе 81,31 пайызының дауысын алып, сайлаудың бірінші турында-ақ айқын жеңіске жетті. Сайлауға қатысуға құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны 11 953 465 екенін ескерсек, олардың 54 пайыздан астамы іс басындағы Президенттің кандидатурасын жақтап дауыс берген болып шығады.

Алматы – елімізде өткізілген сайлауларда ежелден ең белсенділігі төмен қала болып саналады. "Оңтүстік астананың" сайлаушылары осы жолы да қалыптасқан әдеттерінен жаңылмай, небәрі 28,72 пайызы ғана дауыс беруге қатысты. Соның ішінде дауыс бергендердің 67,31 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.

Ал өзге 5 кандидатқа республика бойынша 1 023 601 сайлаушы қолдау көрсетті. Бұл – дауыс беруге қатысқан барлық азаматтың 12,89 пайызы. Сондай-ақ 460 484 сайлаушы, яғни дауыс берген азаматтардың 5,8 пайызы 6 кандидаттың бәріне қарсы болды.

Сонымен қатар, ел бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 11 953 465 адамның 3 674 895-і, яғни барлық сайлаушының 30,74 пайызы дауыс беруге қатысқан жоқ. Пайымдап қарасақ, жоғарыда келтірілген цифрлар демократиялық даму жолына түскен Қазақстандағы пікір алуандығын айғақтағандай.

Дегенмен, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланбай, сайлауға қатысудан бас тартқан отандастарымыздың осы ұстанымын құптауға болмас. Себебі, француз саясаткері Шарль де Монталамбердің "Егер сіз саясатпен айналыспасаңыз, онда саясат сізбен айналысады" дегеніндей, біз саяси қызметпен айналыспасақ та, бәрібір, саясат аясында қаламыз. Өйткені, саяси билік қабылдайтын шешімдер баршамызға қатысты болады. Ал бейсаясат адам өзінің немқұрайдылығы арқылы билікке ұмтылғандарға жол ашып беріп, саяси процеске тікелей қатыспағанымен, жанама түрде қатысқан болып шығады. Сондықтан да өмір сүріп отырған қоғамымызды өзгерткіміз келсе, Ата Заңда көрсетілгеніндей, биліктің қайнар көзі – халық, яғни өзіміз екенін есімізден шығармай, ел басқарудың сайлау сияқты саяси іс-шараларына белсене қатысуымыз қажет.

Осы ретте кейбір отандастарымыздың өткен Президент сайлауында азаматтық өнеге көрсеткенін де айтқан жөн. Мысалы, Атырау қаласындағы Күлбаршын Нұржігітова жетекшілік жасайтын "Мүгедек әлемі" қоғамдық бірлестігі өз мүшелері болып саналатын мүгедектігі бар адамдар атыраулықтарды Президент сайлауына қатысуға шақыратыны бейнеленген билбордтар жасатып, көшелерге ілгізген. Ал белгілі композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағин тек дауыс беру үшін ғана Шотландияның Глазго қаласынан 700 шақырым жердегі Лондонға сапар шегіп, өзінің азаматтық парызын орындаған. Жалпы, әртүрлі себеппен шет мемлекеттерде жүрген Қазақстан азаматтары жоғары белсенділік танытып, тіпті сайлау учаскелерінде кезек пайда болған.

Байқаушылар белсенділігі – заңдылық кепілі

Өткен Президент сайлауы науқаны байқаушылардың көптігімен де ерекшеленді. Сайлау күні дауыс беру барысын президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірілген адамы, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мың байқаушысы, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан астам байқаушысы байқады. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) 1225 өкілі, 23 шет елдегі 41 БАҚ-тың 106 журналисі болып, сайлау барысын жедел жазып-көрсетті.

Сұрастырып білуімізше, Президент сайлауы науқанында, әсіресе Батыс Қазақстан облысының байқаушылары айтарлықтай белсенділік танытқан көрінеді. Осындағы "Жария" тәуелсіз байқаушылар қозғалысы" өңіраралық қоғамдық бірлестігінің (ӨҚБ) мүшелері Жайық өңірінің барлық елді мекеніндегі сайлау учаскелерін түгелдей қамтыған. ӨҚБ өкілдері айтуынша, биылғы кезектен тыс Президент сайлауы барысында көп бұзушылық байқалмаған. Тек Бөрлі ауданындағы бір сайлау учаскесінің алдына қой әкелініп, үстел орнатылып, кәуап пісіруге дайындық жасалған. Ал өзге сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген азаматтар мен балаларға шағын сыйлықтар тапсыру деректері анықталған. Олардың пікірінше, мұның бәрі – сайлаушылардың дауыс беруге келуін ынталандыру мақсатын көздеген кеңес заманының сарқыншақтары, сондықтан олардан бас тарту керек. Расында да, кейбір сайлау учаскелерінің басшылары қолданыстағы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Заңда мұндай "ынталандыру" шараларына тыйым салынбағандығын пайдаланып, көрген-білгендерін істеп келеді. Демек, алдағы уақытта сайлау заңнамасын жетілдіру барысында осындай олқылықтарды болдырмау қажеттігі ескерілуге тиіс деп білеміз.

Сондай-ақ "Жария" тәуелсіз байқаушылар қозғалысы" ӨҚБ мүшелері Орал қаласындағы №440 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң ілінген дауыс беру қорытындысы туралы хаттамада 6 президенттікке кандидаттың 2-нің нәтижелері көрсетілмегенін анықтаған. Сөйтсе, сайлау комиссиясының мүшелері осы сайлау учаскесі бойынша бірде-бір дауыс алмаған екі үміткердің аты-жөндерін хаттамаға енгізбеген екен. Бұл ағаттық аталған сайлау учаскесі бойынша дауыс беру қорытындысына еш әсерін тигізбесе де, қолданыстағы сайлау заңнамасын бұзушылық болып саналады.

Міне, осындай қырағы байқау жағдайында Батыс Қазақстан облысының дауыс беруге қатысқан сайлаушыларының 82,07 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын жақтап дауыс бергенін айта кеткен ләзім.

Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауын бастан-аяқ байқаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды байқау миссиясы (СБМ) сайлау аяқталғаннан кейін жасаған мәлімдемесінде еліміздің сайлау учаскелерінде дауыс беру тиімді ұйымдастырылып, тұтастай алғанда, рәсімдер сақталғанын атап өтті. Соның ішінде сайлау өткізу органдары сайлаушыларға БАҚ-та кең көлемде ақпарат бергенін және сайлау науқанын теңдей көрсету туралы заң ережелері сақталғанын, Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлауға дайындықты заңнамада белгіленген мерзімде тиімді жүргізгінін, тікелей эфирде ашық отырыстар өткізіп, өз шешімін қабылданған күні жариялағанын, мүгедектігі бар адамдардың сайлау рәсімдеріне қолжетімділігін және қатысуын арттыру бойынша бірқатар бастаманы қолға алғанын, көп рет дауыс беруге жол бермеу үшін алғаш рет учаскелік сайлау комиссияларын сайлау күні сайлаушылар тізіміне қосылған барлық сайлаушының тіркелу мәртебесін электронды үкімет порталы арқылы тексеруге міндеттегеніне құптау білдірді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ СБМ өз байқаушылары жүргізген 1131 байқаудың 95 пайызында дауыс беру процесін оң бағалады.

Өзгерістер мақсаты – сайлаушылар сенімін арттыру

Бұрын жабық мекеме ретінде танылған ОСК биыл өзінің жұмыс стилін өзгертіп, ашық форматқа көшті. Соның ішінде ОСК Төрағасы мен мүшелері биылғы референдум мен кезектен тыс Президент сайлауы қарсаңында барлық өңірді аралап, аса маңызды саяси іс-шараларға әзірлік барысын мұқият тексеріп, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына әдістемелік көмек көрсетті. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Алматы, Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының тәжірибесіздігін ескеріп, оларға ерекше көңіл бөлді. Бұған қоса, олар аумақтық сайлау комиссияларының, мәслихаттар депутаттарының, саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері мен блогерлердің кеңінен қатысуымен көптеген кездесу өткізді. Сондай-ақ жоғары және орта арнаулы оқу орындарындарының студенттері мен жұмысшы жастардың ортасында болып, уақыт жағынан еш шектеу қоймай, сұрақ қою толық аяқталғанша екі-үш сағатқа дейін созылған ашық диалог жүргізді. Бір айта кетерлігі, мұндай жиындарға жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатыстырылмай, жұртшылықтың көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ешкімнен қысылып-қымтырылмай ортаға салуларына қолайлы мүмкіндік туғызылды. Жалпы, ОСК жергілікті әкімдіктердің сайлау процесіне жөнсіз араласуына жол бермеу мақсатында олармен тиісті арақашықтықты сақтауға жете мән бергені аңғарылды. ОСК өткізген барлық шаралар, атап өтсек "Сарапшылар кеңесі", "Жас сайлаушылр клубы", бірнеше оқыту-практикалық семинарларға қатыстым. Ашық айту керек, ешқандай формализм болған жоқ, қайта барлық пікірталастар мен дискуссиялар өте тартымды және мағыналы болды.

ОСК мүгедектігі бар азаматтардың сайлау рәсімдеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударды. Осы мақсатпен ОСК жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің саны бұрынғы 15-тен 19-ға дейін көбейтілді және ондағы шенеуніктер саны азайтылып, олардың орындарына өңірлердегі мүгедектігі бар адамдардың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері енгізілді.

Шын мәнінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қызметі қайта құрылып, оған жаңа леп берілді. Де-юре бар болғанымен, іс жүзінде жұмыс істемейтін заңнамалық нормаларды анықтап, тиісті шара қолдануға күш салу үстіндеміз. Айталық, өткен Президент сайлауында алғаш рет көру қабілеті нашар жандар Брайль шрифтімен дайындалған трафаретті қолданып, бюллетеньдермен дауыс берді. Барлық 10 мың 101 сайлау учаскесі осындай "Қазақ соқырлар қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігі мамандарының көмегімен дайындалған трафаретпен қамтамасыз етілді. Сол үшін аталған қоғамдық бірлестікке алғысымыз зор,-деді ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ОСК – тікелей телеэфир арқылы көрсетілетін іс-шараларды сурдоаудармамен сүйемелдеуді дәстүрге айналдырған бірден-бір мемлекеттік орган. Осы орайда, өкінішке қарай, тіпті Парламент пен Үкімет отырыстарынан жүргізілетін тікелей трансляциялар кезінде де әлі күнге сурдоаударма қолданылмай отырғанын айта кеткен жөн.

ОСК еліміздегі сайлау процестеріне жастардың елеулі бөлігі немқұрайды қарайтынын ескере келе, биылғы Президент сайлауы қарсаңында ОСК жанынан Жас сайлаушылар клубын құрып, оған барлық өңірдің жас сайлаушыларының өкілдерін енгізді. Оның отырыстарында жастардың электоралдық белсенділігін арттыру мәселелері талқылана бастады.

ОСК өзінің заң шығару бастамасы құқығы болмаса да, еліміздегі сайлау процесімен қатар, сайлау заңнамасын да жетілдіруге мүдделі. Оның үстіне, ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың орынды ұсынымдарын іске асыру да заңнаманы жетілдірумен байланысты. Осыған орай, ОСК жанынан биыл кеңесші орган ретінде Сарапшылық кеңес құрылып, оған белгілі заңгер-ғалымдар және аумақтық сайлау комиссияларының тәжірибелі төрағалары енгізілді. Оның алғашқы отырысында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ-ның Қазақстанда биылғы маусымда болған референдум жөніндегі қорытынды есебі қызу талқыланды. Сарапшылар мұндай маңызды құжатты ашық талқылау мүмкіндігі өздеріне алғаш рет берілгендігін ризашылықпен атап өтті.

Мемлекет басшысының "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап аумақтық сайлау комиссиялары кәсіби негізде жұмыс істеуге көшетіні де – өте маңызды жайт. Бұл шара аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, сайлау процестерінің кәсіби жоғары деңгейде, әділ де ашық өтуіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.

Өз басым аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері – өздеріне тапсырылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаратын, азаматтық ұстанымдары берік, нағыз мемлекетшіл адамдар деп санаймын. Солардың ішінде Ақтөбе және Қостанай облыстық сайлау комиссияларының бұрынғы төрағалары Гүлнәр Күнбаева мен Антонина Маркованың жарқын бейнелері әрдайым жадымызда сақталады. Олар 2019 жылғы Президент сайлауы кезінде қатты науқастанып жүрсе де өз міндеттерін ақырғы демдері қалғанша абыроймен атқарып, қайтыс болды,-деді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина. Ал біздің есімізге 2016 жылы болған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы науқаны кезінде Қостанай облысындағы Денисов аудандық сайлау комиссиясына мүше болған бір жігіт қатты боран соғып, жолдар жабылып, көлік қатынасы тоқтап қалғанда қыруар жердегі ауылдардың сайлау учаскелеріне дауыс беру бюллетеньдерін шаңғыға мініп апарып бергені түсті. Оны осылай істе деп ешкім де қыстаған жоқ еді...

Түйін: ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров бір сөзінде: "Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын заманауи бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, барынша ашық жүргізуді көздеп отыр. Мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес халықтың әртүрлі топтарымен ашық диалог жүргізіп, оның барысында айтылған сыни ескертпелер мен ұсыныстарды сайлау процесін және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында жете ескеретін боламыз. Біз үшін ең бастысы – сайлаушылардың еліміздің сайлау жүйесіне сенімін арттыру", деген екен.

Біздіңше, биылғы жылы ОСК ұйытқы болған оң өзгерістер – еліміздің сайлау жүйесіндегі әділдік пен ашықтыққа ұмтылыстың айғағы.

Кәрібай Мұсырман

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: