Bloomberg: Қытайда COVID-19-дан қайтыс болғандар саны артып, крематорийлер толды
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, COVID-19-бен сырқаттанғандар саны күрт өскендіктен, Қытайда желтоқсан айынан бастап коронавирус туралы күнделікті мәлімет жарияланбайтын болды. Қаңтар айында елде өлім-жітім саны 9 мыңнан 25 мыңға артуы мүмкін.
Бейжіңдегі және Шанхайдағы крематорий жұмысшылары COVID-19-дан қайтыс болғандардың мәйітін тәулік бойы жағып жатқанын, кремацияға бос орын қаңтардың ортасынан кейін ғана болатынын айтқан. Жерлеу саласында жұмыс істейтіндердің бірі науқастар саны артқандықтан, "жүйе әлсірегенін" мәлімдеген.
Лунхуадағы крематориилердің біріне (Шэньчжэнь ауданы) күніне 500-ден астам мәйіт қабылданатыны мәлім болды. Осы жағдайға байланысты Қытайда мәйіттерді кремациялаудың көлеңкелі бизнесі етек алып жатыр. Егер бұған дейін кремация біршама арзан болса, қаңтар айында кейбір крематорийлерде үш күннің ішінде кремациялау 68 мың юань (4,5 млн теңге), ал қайтыс болғаны күні кремациялау 88 мың юань (5,8 млн теңге) деп бағаланды.
Қытайда науқастар санының артуы билік коронавирус шектеулеріне қарсы жаппай наразылықтар кезінде шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдаған соң басталды. Карантинді жеңілдеткеннен кейін көптеген елдер Қытай азаматтарына елге кіру ережелерін қатаңдатты.