Су тасқыны болуы қаупіне байланысты бес облыстың әкімдігіне арнайы техника әзірлеу тапсырылды
Үкіметтік комиссия премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен құрылған еді.
"Кеңес қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдеріне барлық қажетті қызметтер мен ұйымдарды жұмылдырып, су тасқыны кезеңінен тиімді өту үшін арнайы техника мен материалдар дайындау, сондай-ақ апаттық қызметтердің іс-қимылдарын тиісті үйлестіруді ұйымдастыру тапсырылды" – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі Сырдария және Іле өзендерінің арналарында тасқын суларды қауіпсіз өткізуді үйлестірумен айналысады, су қоймаларын, оның ішінде Көксарай, Күрті, Бартоғай, Бестөбе, Қызылағаш, Алматы, Ащыбұлақ, Ақешкі мен басқа да су қоймаларын толтырудың рұқсат етілген көлемін белгілейді және оларға тиісті бақылау жүргізеді.
Сондай-ақ Сырдария өзенінде мұздықтардың іркілуін азайту үшін жарылыс жұмыстары жүргізілетін болады, ал шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық өзендердегі су шығыны туралы тұрақты өзара ақпарат алмасу ұйымдастырылады.
Талқылауға өңірлер әкімдіктерінің, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері қатысты.