Жаңалықтар тізбегі
0

Тараз тарихи туризмнің орталығына айнала ма

Тараз, петроглиф, туризм, тарихи туризм, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.02.2023 12:21 Сурет: АПН
Қазақстанда тарихи туризм енді ғана дамып келеді. Көне ескерткіштерге бай қалаларда туристік инфрақұрылымды әлі де дамыту қажет. Мәселен, Тараз қаласының тарихи туризм саласында жетекші орынды иеленуге толық мүмкіндігі бар. Алайда, әзірге бұл мүмкіндіктер барынша пайдаланылмай отыр.

Тарихқа қызығатындар үшін Тараз бен оның маңындағы жерлер өте құнды. Тараздың тарихы екі мың жылға жуық уақыт бойы үзілмегендіктен, қазір мұнда кез келген талғамға сай тарихи көрнекті жерлер бар – 4000 жылдық петроглифтер, шахристан, Керуен сарай және ежелгі Тараз кесенелері, XIX-XX ғасырлардағы Әулие Атаның шитті кірпіштен салынған орамдары, сталиндік ампир стиліндегі үйлер.

Қарасай шатқалындағы петроглифтер қаладан жиырма минуттық жерде орналасқан. Ол жерді тасқа қашалған суреттердің қорығы деуге болады. Бұл суреттердің уақыт алшақтығы да таңғалдырады – онда 3000-4000 жыл бұрынғы петроглифтерді де, 300-400 жыл бұрын салынған таңбаларды да көруге болады. Өкінішке қарай, қазігі таңда бұл жердің жағдайы алаңдаушылық тудырады. Бұл аймақ мемлекет тарапынан қорғалмағандықтан, көбіне тұрғындардың немқұрайлығы мен мәдениетсіздігінен жапа шегіп жатады. \

Аумаққа машиналар еркін кіріп, петроглифтері бар тастарды зақымдайды. Онымен қоймай, кейбіреулер тастарды бөліп, кәдесыйға таратады, тіпті, оларды құрылыс материалы ретінде пайдаланатындар да бар. Егер осы жағдай ары қарай жалғаса берсе, бұл көне ескерткіштердің жоғалу қаупі жоғары болмақ.

Тараз қаласының маңындағы көрнекті орындардың бірі – Айша бибі кесенесі. Бұл – Тараздың және бүкіл Жамбыл облысының ең танымал туристік брендтерінің бірі. Айша бибі және Тараз қаласының орталығындағы Қарахан кесенесі – күйдірілген кірпіштен жасалған үлкен көлемдегі құрылыстармен, негізінен мешіттер мен кесенелермен сипатталатын Қараханид сәулет өнерінің классикалық үлгісі. Бүгінде Қараханид дәуірінің мұрасы Қазақстанның оңтүстігі, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның сәулет мұрасының алтын қорын құрайды. Сонымен қатар, бұл екі нысан тарихи кейіпкерлердің өмірімен тығыз байланысты, сәулет ескерткіштеріне олардың есімдері берілген.


Тараз, туризм, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.02.2023 12:21

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айша Бибі XI ғасырдағы белгілі ғалым және ақын Хәкім Сүлеймен Бақырғанидің қызы болған. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Тараз билеушісі Шах-Махмуд-Бугра Қарахан қыздың қолын сұрайды, бірақ оның тәрбиешісі келісім бермеген. Содан кейін Айша тәрбиешісін алдап, Таразға бармақ болады. Бірақ жете алмайды – оны Аса өзенінің жағасында бас киімге жасырынған жылан шағып мерт қылады. Сүйіктісінің қазасына қайғырған Қарахан қайғылы оқиға орнына ғажайып әсем кесене тұрғызды. Ал кесененің күмбезі көптеген түркі халықтары әйелдерінің бас киімі бейнесінде салынған. Айша бибінің жолсерігі, күтушісі Бабаджа хатун кесененің шырақшысы болды, ал қайтыс болғаннан кейін Айша бибіден 20 қадам жерде Бабаджа хатун кесенесінде жерленді.

Тараз билеушісі – Қарахан атымен белгілі Шах-Махмуд-Бугра замандастарының арасында ұлы жауынгер, дана билеуші, тіпті, әулие де саналды. Уақыт өте келе, осы аймақтағы Қоқан үстемдігі кезінде Тараз қаласының атауы іс жүзінде Қараханның құрметіне Әулие Ата болып өзгерді.

Қарахан кесенесі, Тараз, туризм, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.02.2023 12:21

Сурет: АПН

Қарахан кесенесіне іргелес аумақта тағы бір көне ескерткішті көруге болады. Бұл Тараздағы моңғол билеушілерінің өкілі – Дәуітбек кесенесі. Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбек Шыңғыс ханның ең жақын серіктерінің бірі болған. Ол Шыңғыс хан армиясындағы қараханидтер әскерінің қолбасшысы және ханның ортағасырлық Таластағы ең сенімді адамдарының бірі болды. Аңыз бойынша, Шыңғыс хан сенімді серігінің қайтыс болуына қайғырып, Даутбек кесенесін өзі бұйрық беріп салдырған.

Тараз, туризм, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.02.2023 12:21

Сурет: АПН

Тараздың соңғы жылдардағы басты архитектуралық олжасы, ежелгі қаланың қирандылары – Керуен сарай және Шахристан шаһардың тарихи танымдық әлеуетін арттырып-ақ тұр. Керуен сарай ұзақ уақыт қалпына келтіру жұмыстарынан өтті және жақында ғана келушілерге есігін ашты. Ол жерде IX-XI ғасырларға жататын Қазақстандағы ең көне мешіттің іргетасын көруге болады. Бұл мешіт бұрын несториандық бағыттағы христиан шіркеуі болған. Ол кезеңде қалада түрлі дін өкілдері өмір сүрген.

Керуен-сарай Қарахан кесенесіне іргелес аумақтан табылды, сондықтан мұндағы қазба жұмыстары оңайырақ болды. Ал Шахристанға келсек, бұрын оның орнында базар болған. Археологтар мен рестовраторлар орасан зор жұмыс жүргізді. Бүгінде мұнда ескі хамамның қалдықтарын, зынданды көруге болады. Шахристанның айналасы кірпіштен жасалған жаңа қабырғамен қоршалды. Мамандар ескі фотосуреттерге қарап, қоршауды бастапқы қалпына ұқсатуға тырысты.

Тараз, туризм, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.02.2023 12:21

Сурет: АПН

Керуен сарай мен Шахристанның солтүстігінде "орыс кварталы" орналасқан. Онда Әулие Ата кезеңіндегі көпестердің үйлері, ескі дүкендер сақталған. Бүгінде олар кеңселер мен сауда орындары ретінде жалға берілуде. Айта кетейік, сәулет ескерткіштерін қорғау жөніндегі ведомство да осы ғимараттардың бірінде отырады.

Тараз, турзим, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.02.2023 12:21

Сурет: АПН

Орта ғасырларға жататын тағы бір кесене – Тектұрмас. Ол XVI-XV ғасырларда салынған. Аңыз бойынша, мұнда жергілікті әулие Сұлтан-Махмұд хан жерленген. 1864 жылы қала генерал Черняев әскерінің қоршауында қалған кезде кесене зардап шекті, кейіннен губернатор Калаур кезінде қалпына келтірілді. Өкінішке орай, 1935 жылы кесене бұзылды. Бірақ сонда да ол жер қасиетті саналып, адамдар барып тұрды. Ал 1982 жылы ол қалпына келтіріліп, Тараздың ең көрнекті жерлерінің қатарына кірді.

Көне Тараз орталығы мен ескі Әулие Ата аудандарынан батысқа қарай кеңестік құрылыс нысандары орналасқан. Сталиндік ампир стилінде салынған ғимараттар көп емес, бүгінде онда негізінен облыстық және қалалық билік органдары отырады. Одан шығысқа қарай 1990 жылдардың қызықты сәулет ескерткіші бар. Ол 1993 жылы тұрғызылған – Успен соборы. Шіркеу қауымы бірнеше жыл бойы негізгі жұмыстары аяқталғаннан кейін күн сайын құрылысқа барып, көмектесіп тұрған.

Ал заманауи нысандарға жаяу жүргіншілерге арналған «Арбатты» жатқызуға болады. Сәулет өнерінің жаңа моделі әлі күнге дейін байырғы тұрғындар мен қала қонақтары арасында пікірталас тудыруда. Кейбіреулер үшін Лондонның Биг Бенінің, Самарқандтың Регистан алаңының көшірмесі және көне шығыс стилінде салынған екі қабатты үйлер үйлеспейтіндей көрінеді.

Дегенмен халықаралық тарихи туризм саласын дамыту мәселесінде Таразға артылатын үміт өте үлкен. Тиісті мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалса, сан ғасырлық тарихы бар шаһар әлемнің кез келген тарих сүюші туристі үшін қымбат қазынаға айналмақ.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: