Бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері Президентпен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері және бапкерлерімен кездесті.
Мемлекет басшысы спортшыларды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтап, бұл күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.
"Әлемдік жарыста төрт алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз. Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды деп айтсақ, артық болмайды. Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз – осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады. Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты", – деді президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыс етті.