БҚО әкімі Орал әуежайы ресейлік олигархқа сатылды деген ақпаратты түсіндірді
Аймақ басшысы түсіндіргендей, Мәншүк Мәметова атындағы Орал қаласының әуежайы үлескерлерінің бірі – АҚШ санкциясына ұшыраған ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысы болған деп танылған ресейлік «Ретранс» АҚ компаниясы. Бұл компания – қазір әуежайдың 49% үлесіне ие және "Аэропорты регионов" АҚ құрамына кіретін басқарушы холдинг.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, ресейлік миллиардер «Ретранс» АҚ құрылтайшысы емес.
"Вексельбергке келсек, ол бүгінде «Ретранс» АҚ-ның құрылтайшысы емес. Неге? Өйткені бұл әуежайдың акциялары иеліктен шығарылған кезде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті осы мәліметтердің барлығын мұқият тексерді: кімге тиесілі, кімге немесе кім қай АҚ-ға тиесілі және тағы басқа. Комитеттен басқа барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, осы компанияның үлесін иеліктен шығару кезінде тексерген. Меніңше, тиісті органдар қауіптің бәрін ескерді. Содан кейін ғана былтыр қараша айында үкіметтің қаулысы шықты деп ойлаймын".Нариман Төреғалиев
Сонымен қатар журналистер әкімнен пессимистік сценарий туралы және бұл жағдайда әуежайды кім басқаратынын сұрады.
"Бізде әуе кеңістігі туралы заң бар. Онда ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда уақытша бақылау бірден мемлекетке өтетіні анық жазылған, яғни, мемлекет уақытша бақылауды өз мойнына алады. Демек ондай жағдайда бұл компаниялардың барлығын бірден алып тастайды. Заң (ҚР Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР заңы, 73-бабы "Әуежайды уақытша басқару" заңы) сіздің сұрағыңызға лайық жауап береді деп ойлаймын".Нариман Төреғалиев
"Аэропорты регионов" компаниясы Қазақстандағы серіктестермен бірлесіп "Орал халықаралық әуежайының" операторы "Орал халықаралық әуежайы" ЖШС-ны сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. Әуежайдың жолаушылар ағыны жылына 300 000 адамнан асады. Бұған дейін ресейлік холдинг оны транзиттік хаб ретінде дамытуға ниетті екенін мәлімдеген.