Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанда АИТВ науқастарының өмірі қандай

Қазақстанда АИТВ (ВИЧ) науқастарының саны өсуде: олардың өмірі қандай? , сурет - Zakon.kz жаңалық 06.06.2023 14:56 Сурет: pixabay
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 10 жылда Қазақстанда АИТВ (ВИЧ) инфекциясына шалдыққандар саны екі есе артқан.

Көптеген адамдар үшін АИТВ инфекциясы диагнозының қойылуы қорқынышты үкім сияқты естіледі. Бірден абыржып, есеңгіреп, болашағына қатты алаңдап, тіпті, өмірден күдер үзетіндер де бар. Бірақ мұндай көзқарас ақпараттың жетіспеуінен туындайды.

Өлім көрсеткіші төмендеді, бірақ науқастар саны көбейді

2019 жылы елімізде АИТВ жұқтырғандар саны 16 мың болса, 2022 жылы инфекцияның 30 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Егер бұрын қауіпті инфекцияның негізгі таратушылары есірткіге тәуелділер болса, қазір науқастардың көпшілігі дертті жыныстық жолмен жұқтырып жатыр.

"2022 жылы шамамен 3877 жаңа жағдай тіркелді. Оның 82%-ын 18 бен 49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халық құрайды. Аурудың жыныстық жолмен таралуы – 75%, ал инъекциялық жолмен таралуы – 20% құрайды. Айта кетейік, соңғысы 10 жыл ішінде айтарлықтай төмендеді, 2018 жылы бұл көрсеткіш 33% құраған. Бұған алдын алу шараларын, соның ішінде "зиянды азайту" стратегиясын жүзеге асыру әсер етті", – дейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының ақпараттық-талдау мониторингі және стратегиялық даму бөлімінің меңгерушісі Ирина Петренко.

Қазіргі уақытта инфекцияның жыныстық жолмен таралуының белең алуы дәрігерлерді алаңдатады. Олардың пікірінше, бұл вирустың жалпы халық арасында таралатынын көрсетеді.

АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың жағдайы қандай?

Әдетте, адамдар аталған диагнозды өте ауыр қабылдайды, сынақтарды қайта тексеруді сұрайды. Ал АИТВ инфекциясы расталған жағдайда көптеген науқастар өмірге деген қызығушылықтарын жоғалтады.

"Менде АИТВ инфекциясы бар екенін 6 жасымда білдім. Анамның емшек сүті арқылы жұқтырғанмын. Көптеген семинарлар мен арнайы лагерлерге бардым. Бұл маған өз жағдайымды қабылдауға көмектесті, 11 жасымда көзім ашылып, өзімді сенімді сезіне бастадым және әлі күнге дейін солай өмір сүріп жатырмын", – дейді 16 жастағы алматылық Аида.

АИТВ мен ЖИТС (СПИД)-ті шатастырып, өмірмен қоштасуға дайындалатындар да бар. Мұндай ойлар ақпараттың жетіспеуінен туындайды. Расында, АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдар антиретровирустық терапия алып, дәрігердің кеңестерін орындаған жағдайда қалыпты өмір сүре алады.

"АИТВ – ағзаның иммундық жүйесін зақымдайтын адамның иммун тапшылығы вирусы. Егер ем алмаса, АИТВ әдетте инфекция жұқтырғаннан соң көп жылдардан кейін ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромына айналуы мүмкін. Бірақ АИТВ инфекциясы міндетті түрде ЖИТС-ке әкелмейді", – деп түсіндірді Ирина Петренко.

Антиретровирустық терапия – ұзақ өмір сүрудің кілті

Бүгінгі таңда АИТВ инфекциясын емдеудің әдісі жоқ. Бірақ жоғарыда айтылғандай, антиретровирустық препараттарды қабылдау арқылы адамдар толыққанды өмір сүре алады. Бұл дәрі вирусты өлтірмейді, бірақ оның таралуын тежейді. Медициналық тілде бұл "Анықталмайтын немесе басылған вирустық жүктеме" деп аталады. Мұндай ем қабылдаған адам инфекцияны басқа адамдарға таратпайды.

"АИТВ науқастарының құқықтары Қазақстан Республикасының Кодексімен қорғалған. Заң оларды жұмыстан босатуға, білім беру және медициналық мекемелерге қабылдаудан бас тартуға жол бермейді. Осылайша, науқастар мектеп бітіріп, ЖОО-ға түсіп, болашақта сүйікті ісімен айналыса алады. Сондай-ақ АИТВ-ға шалдыққан адамдар үшін отбасын құруға және бала сүюге ешқандай шектеулер жоқ. Егер АИТВ инфекциясы бар әйел жүктілік және босану кезінде профилактикалық антиретровирустық терапия қабылдаса, вирустың балаға берілу қаупі минималды болады", – дейді дәрігер.

Статистикаға сәйкес, антиретровирустық терапия қабылдаған адам елдің орташа статистикалық тұрғынынан екі-үш жылға аз өмір сүре алады.

"АИТВ-мен ауыратын адамдардың отбасыларын зерттеу нәтижесінде ортақ ыдыс-аяқты, жуынатын бөлмені, дәретхананы және т.б. заттарды пайдаланған үйдегі отбасы мүшелерінің ешқайсысы инфекцияны жұқтырмағаны анықталды. АИТВ тұрмыстық жолмен берілмейді. Сондай-ақ ауа тамшыларымен, яғни жөтелгенде, түшкіргенде ауру жұқпайды. Дегенмен, әрине, ұстаралар, тіс щеткалары және басқа да жеке күтім заттары жеке болуы керек", – дейді Петренко.

Қоғам АИТВ-мен ауыратын адамдарды қабылдауға әлі дайын емес. Жастар бұл мәселеге жеңіл қарайды, ал бірақ аға буын өкілдері бұл ауруға шалдыққан науқастарға көбіне теріс көзқараста. Бірден нашақор, жезөкше деген секілді айыптар тағады. Жақын араласудан қорқады. Өкінішке орай, кей кезде дәрігерлер де АИТВ науқастарын емдемеу үшін түрлі себептер табуға тырысады.

"Бұған дейін орта және аға буынның медициналық қызметкерлері АИТВ инфекциясын тасушыларға немқұрайлы қараған, операция жасағысы келмей, қызмет көрсетуден бас тартуға тырысты. Қазір мұндай проблемалар онша байқалмайды, дегенмен, кейбір дәрігерлер әлі де олардан оқшаулануға тырысады. Әсіресе тіс дәрігерлері мен хирургтар. Жақын арада мен ота жасатуым керек, олардың мені қалай қабылдайтынын байқап көреміз", – деп бөлісті АИТВ-мен ауыратын 39 жастағы алматылық Андрей.

Дін бұл тұрғыда не дейді?

Мұндай дертке тап болған науқастардың жұбаныш іздеп, сенімге жүгінетіндерін болжау қисынды. Себебі, мейірімділік пен жанашырлық барлық діндерде дәріптелетін ең маңызды қасиеттер. Осы орайда дәстүрлі конфессиялардың өкілдерінен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген көзқарастары туралы біліп көрдік.

"Адамдардың қайғысына бей-жай қарауға болмйады, қиыншылыққа тап болғандарға қатыгездік таныту адамгершілікке жатпайды. Құдай алдында және адамдар алдында одан да сорақысы – біздің заманымызда адамзат басынан өткеріп отырған осы қиыншылықтардың шынайы себептерін ашық айтпау. Біз бұл туралы үндемей, ЖИТС және АИТВ-мен күресіп жатырмыз деп өзімізді алдап, бұл обаның негізгі себептерін жою үшін ештеңе жасамасақ, қайғы-қасірет пен өлім тоқтамайды, тек көбейеді", – деп атап өтті дінтанушы, Л.Н. Гумилев атындғаы ЕҰУ "Дінтану" кафедрасының доценті Нұрлан Қайырбеков,

Қазақстанның православие шіркеуінде АИТВ-мен ауыратын науқастар кез келген басқа адамдар сияқты қауым екенін атап өтті.

"Христиандық науқастар мен мұқтаждарға қамқорлық жасауға шақыруды қамтиды. АИТВ-мен ауыратындар қолдауды, жанашырлықты және практикалық көмекті қажет етеді, ал шіркеу адамдар қауымдастығы ретінде шетте қала алмайды. Құдай – махаббат пен жанашырлықтың қайнар көзі. АИТВ-мен ауыратын науқастарға қамқорлық жасау жанашырлықты іс-әрекетпен көрсетудің тәсілі болады", – деді Қазақстан православие шіркеуінің қоғаммен байланыс бөлімі басшысы Александр Суворов.

Спикерлердің әңгімесінен ұққанымыз, АИТВ – бұл үкім емес. Бұл аурумен қорқынышсыз толыққанды өмір сүруге болады. Көптеген адамдар өздерінің осы дертке шалдыққандары туралы ашық айтып, жеке оқиғаларымен бөлісуде, қолдау мақсатында клубтар құрып, АИТВ-мен өмір сүретіндерге дұрыс көзқарас қалыптастыруға үлес қосуда.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: