Жаңалықтар тізбегі
0

Мәжіліс заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс, Заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.06.2023 17:52 Сурет: Zakon.kz
Мәжіліс депутаттары 7 маусымда палатаның жалпы отырысында заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын тиісті түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Құжатты депутат Елнұр Бейсенбаев таныстырды.

"Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Өйткені ол экономикаға кері әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді. Қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «қауіпсіз, жайлы орын» тауып жатады. Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады", – деді ол.

Оның айтуынша, құжаттың басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.

Заң жобасы аясында арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады.

"Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады".Елнұр Бейсембаев

Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады, оның ішінде жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады; әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу.

"Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар", – деді мәжілісмен.

Заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді.

Заңның новелласына – шетелде активтерді қайтару бойынша жұмысты заң шеңберінде жүргізу тетіктері қарастырылған.

Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген:

  • ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады;
  • соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс шеңберінде заңсыз алынған активтерді тәркілеу;
  • соттардың активтерді негізсіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару;
  • соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу.

Заң жобасында Азаматтық процесс шеңберінде тәркілеудің мынадай алгоритмі көзделеді:

Бірінші. Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша уәкілетті органда құны 100 млн. АҚШ долларынан асатын активтерді сатып алу көздерінің заңдылығына байланысты негізді күмән туындаса уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін Комиссияның қарауына шығарады.

Екінші. Материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді.

Үшінші. Уәкілетті орган реестрге енген азаматтарға олардың активтері туралы декларацияны тапсыру құқығының бар екенін жеткізеді. Декларацияларды тексереді және тексеру нәтижелерін Комиссияның қарауына шығарады. Соның нәтижесінде, Комиссия одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынымдар шығарады. (тізілімнен шығару немесе АПК және ҚПҚ көзделген одан әрі іс жүргізу шараларын қабылдау).

Төртінші. Егер адам декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін растай алмаса не декларацияны табыс етпесе, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін.

Адамдардың құқықтарын қорғауға, ашықтыққа кепілдік беру және азаматтық қоғам тарапынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Заң жобасымен: 1) адамдардың жабық реестрі; 2) комиссияның алқалы қарауы, 3) депутаттар мен қоғам белсенділерінің комиссия құрамына қатысуы; 4) адал сатып алушылар мен адал кредиторлардың құқықтары қорғалады; 5) барлық сатыларда сотқа шағымдану мүмкіндігі бар; 6) келісімдердің талаптарын орындаған адамдар үшін кепілдіктер беріледі;

Заң жобасында арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компанияның қызметі регламенттелген.

Арнайы мемлекеттік қор – қайтарылған активтерді жинақтау және өткізу үшін қазынашылық органдарында ашылған Үкіметтің қолма-қол ақшасын бақылау шоты.

Басқарушы компанияның міндеттері: мемлекет атынан өзіне қайтарылған активтерді меншікке қабылдау мен заңды басқару, қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: