Сауна ғимаратындағы балалар лагері: Алматы прокуратурасы тергеу жұмыстарын бастады
Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану (ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы) және "Сауна ғимаратында балалар лагерін" ұйымдастыру кезінде кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 140-бабы) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Прокуратура лагерь жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналып Алматы қаласы білім басқармасының бюджетінен қаржыландырылғанын анықтаған. Бұл ретте ұсынылған конкурстық құжаттама талаптарға толық сәйкес келмеген.
"Қылмыстық істерді тергеу Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді", – делінген хабарламада.
Істерді тергеп-тексеру аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары мен лагерьді ұйымдастырушылардың әрекетіне баға беріледі.
Бұл іс прокуратураның ерекше бақылауында.
Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балалары лагерьге тегін жолдама алған. Алайда сауна ғимаратынан ашылған лагерь ата-аналардың ашуын келтірді. Лагерьден ата-аналар видео түсіріп, жариялады.