Сапарбаев ақ жаулықты әжелер мен аналарға арнайы құрмет көрсетті
Аймақ басшысы, ең алдымен «Алтын алқа» иегері Данышпан Исаеваның шаңырағында болып, қарт анаға құрмет көрсетті. Тоқсан жасқа таяған әжейдің жағдайын сұрап, мерекеге орай гүл шоқтарын ұсынып, сый-сыяпат жасады.
Облыс әкімі алдыңғы буын ардагерлердің ел дамуындағы елеулі еңбектерін атап өтіп, алтын құрсақты аналардың қандай құрметке болсын лайық екендігін, оларды қадірлеу – бүгінгі ұрпақтың мерейлі міндеті екенін баса айтты.
Данышпан әжей 1936 жылы Талас ауданы, Ақкөл елді мекенінде дүниеге келген. Қазіргі кезде 10 перзентінен 30 немере сүйіп отыр. Тыл ардагері, талай жыл өңірдің дамуына өлшеулі үлес қосты. Жастайынан еңбекпен шыңдалған кейуана әлі де ширақ. Келіндеріне ақылын айтып, білгенін үйретуден жалықпайды.
Қария Мемлекет басшысының амандығын, ел-жұрттың тыныштығы тілеп, облыс басшылығына деген ризашылығын жеткізді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұдан соң Бердібек Сапарбаев көпбалалы ана Гүлсара Өмірәлиеваның шаңырағына барды. 40 жыл бойы тынымсыз еңбек еткен батыр ана Байзақ ауданында дүниеге келген. Бүгінде 54 немере, 28 шөбересінің тілеуін тілеп отырған ақжаулықты қоғамдағы тыныштық пен елдегі бейбітшіліктің бағасын білуге шақырады.
Қарт анамен кездесуде облыс басшысы отбасы мен қоғамда ерекше орын алатын әйел-ананың маңызды рөлін баса айтты. Өңіріміздің өркендеуі жолында елеулі еңбек еткен, әлі де түрлі салада жемісті қызмет етіп жүрген көп балалы аналар, нәзік жандылар аз еместігін жеткізді.
40 жыл бойы қант қызылшасын өсіріп, баптаумен айналысқан еңбек ардагерінің өмір жолы жас ұрпақ үшін өнегеге толы.
Келесі кезекте облыс әкімі «Еңбек ардагері» Людмила Чекалинаны құттықтады. Жылы жүздесуде аймақ басшысы қарт ананың аймақтың дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Бұл күні «Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған Күләш Ахметоваға көрсетілген ізеттің жөні бөлек. Аяулы ақынды көктем мерекесімен құттықтаған Бердібек Сапарбаев оның өміршең өлеңдері ұлттық рухтың уызынан нәр алғанын атап өтті.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қазақта даналығында «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген жақсы сөз бар. Ана - өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, мейірім мен ізгіліктің жаршысы. Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды. Сондықтан қай қоғамда болсын әйелдер қауымының алар орны айрықша. Тарихтан белгілі, қазақтың қыздары тек даналығы, ақылдылығы мен ғана емес, қайсарлығымен де танылып келеді. Кешегі Отан қорғаған Мәншүк, Әлиялардың бүгінгі сіңлілері де еліміздің түрлі саласында елеулі еңбек етіп, табандылығымен толайым табыстарға жетіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. «Алып-анадан туады» демекші, біздің өңірмізден көптеген Еңбек ерлері, батырлар, ақын-жазушылар шыққан десек, олардың барлығы да анадан туған. Біз аналардың алдында басымызды иеміз. Бердібек Сапарбаев
Әулиеата өңірінің өркендеуі жолында ер азаматтарымызбен қатар аянбай қызмет етіп жүрген нәзік жандыларымыз да аз емес.
Әсіресе, қазіргідей қиын кезеңде, басымызға түскен неше түрлі ауыртпалықты еңсеруге атсалысып, қолдау білдіріп, қайсарлық танытып, игі істердің басы-қасында жүрсіздер. Сол үшін де сіздерге рахмет айтамыз. Отбасында да берекенің ұйытқысы, ерінің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі болып жүрген Сіздер қандай құрметке лайықсыздар,-деді аймақ басшысы нәзік жандылардың мерейін тасытып. Жамбыл облысының әкімі
Бұл күні қызметін мінсіз атқарған бірқатар әйел қызметкерлер марапатқа ие болды.
Ал «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты жиынға көпбалалы аналар, қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты. Шара концерттік бағдарлама ұласып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі