Ақпанда қамауға алынған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары жұмысына оралды
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов қызметтік міндетіне кірісті, деп жазды InAktau.
Басылымның мәлімдеуінше, ол 24 мамырда жұмысқа шықты.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың ұсталғаны туралы ақпарат 24 қаңтарда тарады. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл деректі растады.
Әкімнің орынбасары екі айға қамауға алынған. Оған билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды. 17 ақпанда сот тергеушінің бұлтартпау шарасын «үйқамаққа» өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырды.
Осы уақыт бойы Ғалымжан Ниязов жалақысыз еңбек демалысында болды.
Тергеушілер Ниязовты Энергетика министрлігіне меморандумның күшін жоюды және сұйытылған газды төменгі немесе жоғары баға шектеусіз сатуды сұрап хат жолдады деп айыптады. Болжам бойынша, дәл осы шешім жанармай бағасының күрт өсуіне әкелді.