Ақтөбеде қалдықтарды бірқатар өндірісте шикізат ретінде пайдалану жоспарланып отыр
Кездесу барысында шетелдік кәсіпорындардың басшылары Ақтөбеде салынатын қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың жобасын ұсынды. Жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін зауыт өнеркәсіптік, коммуналдық және тұрмыстық қалдықтардан электр энергиясын, газ бен ауыл шаруашылығына қажет тыңайтқыш шығаруға мүмкіндік береді.
Тараптар қызығушылық танытып, жобаны жүзеге асыратын әрі қарайғы жоспарлар жайында келісті. Облыс әкімі жоғары технологиялық өндірістің Ақтөбенің экологиялық жағдайын жақсартуда маңызы зор болатынын атап өтті. Зауыт мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынады. Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетсек, Braun Industrial Trading GmbH (Германия) компаниясының дәстүрлі және баламалы энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруда 30 жылдық тәжірибесі бар. WABIO® (Германия) компаниясымен серіктестікте Қытай және Еуропалық кеңес, Азия елдерінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар жобаланып, салынған болатын. Олардың құрамына органикалық қалдықтарды қайта өңдейтін биогазды электр стансалары кіреді.