Нұржан Нұржігітов: Ерекше қажеттілігі бар балаларға сапалы қызмет көрсетуге тиіспіз
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланысы бойынша алғашқы боп сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков көптен бері әлеуметтік желілерде көтеріліп, шешімін таппай жүрген мәселелерге тоқталды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың жергілікті және республикалық БАҚ-пен байланысына жүргізілген талдау қорытындысын баяндады. Сол секілді, «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбек түскен өтініштерге жауап берілу барысын хабарлады.
Біз өзіміздің атқарып жатқан жұмыстарымызды, оң көрсеткіштерімізді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әлеуметтік желілерде көрсете білуіміз қажет. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, өтініштерге дер кезінде әрі сапалы жауап беру маңызды. Алты айдың қорытындысымен бұл бағытта жұмысы нәтижесіз басшыларға тиісті шаралар қабылдайтын боламыз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Басқосудағы екінші мәселе инклюзивті білім беру бойынша білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айдын Досыбаева сөз алып, мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте анықтау, сүйемелдеу, біліммен және тәрбиемен қамту жағдайларына тоқталды.
Биылғы оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 7898 бала анықталған. Оның ішінде 2 786 баланың мүгедектігі бар. 7 898 баланың 3463-і мектеп жасына дейінгі, 4435-і мектеп жасындағы балалар. Оның 81 пайызы біліммен және тәрбиемен қамтылды, – деді А. Досыбаева.
Бүгінгі таңда облыстағы 444 жалпы білім беретін мектептің 392-інде, 431 мектепке дейінгі мекемелердің 251-інде инклюзивті білім, тәрбие беру үшін жағдай жасалған. Соңғы екі жылда 4 239 бала түзету-оңалту көмектерін алған.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі бұл бағытта көрсетілетін қызметтердің сапасына, педагогтардың кәсібилігіне барынша ден қою керектігін ескертті.
Баяндамада айтылғандай бәрі жақсы болса, ата-аналар балаларын неге жекеменшік мекемелерге апарады? Ең біріншіден кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге, сол арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға тиіспіз. Мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуда. Қажетті қаражаттар қарастырылуда, тек жұмысты нәтижелі ұйымдастыра білу маңызды. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларды 100 пайыз тәрбие және біліммен қамтуға қол жеткізу керекпіз, – деді аймақ басшысы.
Жиында денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары тарапынан атқарылып жатқан шаралардың да есебі тыңдалды.
Нұржан Нұржігітов бұл бағытта жұмыс жасайтын мекемелердің қызмет сапасына, техникалық базасына, балалардың қамтылу көрсеткішіне жан-жақты талдау жасап, белгілі бір жүйені қалыптастыру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Жекеменшік орталықтарға қолдау көрсетудің маңыздылығын да баса айтты.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі