Жеке көлікті аз пайдалану үшін Алматы әкімдігі 2030 жылға дейін қоғамдық көлік сапасын жақсартпақ
Бұл туралы "Алматыны 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтарында" айтылған.
2025 жылға дейін 1200 дизельді автобус газ бен электр тартымына ауысады. Қоғамдық электр көлігі үшін зарядтау инфрақұрылымының желісін құру жоспарланып отыр (2030 ж.). 2030 жылға қарай электр автобустарына арналған 3 жаңа заманауи депо пайдалануға беріледі.
Алматы әкімдігі азаматтар жеке автокөлікті аз пайдалануы үшін 2030 жылға дейін қоғамдық көлікпен тасымалдау сапасын жақсартпақ. Ол үшін БРТ жүрдек бағыттарының санын арттыру жоспарланып отыр.
Қазір 3097 шақырым жолдың 150 шақырымы немесе 4,8%-ы - бөлінген жолақтар. "Алматы аренадан" Төле би көшесі бойымен жеңіл рельсті трамвайдың (LRT) бірінші желісін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар шағын мобильділік және басқа инфрақұрылым үшін 60 км жаңа веложол салынады. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіз жүріп-тұруына көмектеседі және мультимодальды қозғалыстың санын арттырады, - делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Сонымен қатар әкімдіктің мәліметінше, Алматыда "маятниктік көлік" (келетін және кететін жеке көлік) деңгейін төмендету үшін жұмыс істеп тұрған өндірістерді қаладан ауыстыру және жаңа өндірістер ашу жоспарланып отыр. Ол үшін 2030 жылға дейін кезең-кезеңмен қалада шығарындылар деңгейі төмен аймақтарда көліктің жүріп өтуін шектейді, автомобиль тұрақтары үшін төлемді арттырады.