«Сахалин-2» жобасынан шыққан жағдайда Жапонияда газ бағасы өсуі мүмкін
"Егер ұзақмерзімді сатып алу келісімшарттарын сақтап қалу мүмкін болмаса, онда сұйытылған табиғи газды ашық нарықтан жоғары бағамен сатып алуға тура келеді. Бұл сөзсіз электр энергиясы бағасының қымбаттауына әкеліп соғады", – деп жазады Kyodo агенттігі.
Жапон сарапшылары жаңа шарттар инвесторлардың акцияларын сатуға әкеліп соғатынына бек сенімді. Аталған жоба шеңберінде жапондық Mitsui - 12,5% және Mitsubishi компаниясы 10% акцияларға ие.
Айта кетсек, алдында РФ Президенті Владимир Путин "Сахалин энерджи инвестменттің" барлық құқықтары мен міндеттерін өткізіп алатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида бұл Жапонияға сұйытылған табиғи газды жеткізуді дереу тоқтатуды білдірмейді деп мәлімдеді.
"Сахалин-2" - Сахалин аралында жүзеге асырылып жатқан өнім бөлінісі туралы шарттарға ие келісімдегі мұнай-газ жобасы. Жобаның операторы "Сахалин Энерджи" компаниясы болып табылады (сұйытылған газдың шамамен 60% Жапонияға тиесілі).