Президенттің Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзі
Қасым-Жомарт Тоқаев:
"Бүгінгі саммиттің, шын мәнінде, маңызды жиын болатынына және көпжақты ынтымақтастықтың алдағы даму қарқынын айқындайтынына сенімдімін. Консультативтік кездесулердің форматы өміршең болып қана қоймай, перспективасы зор, пәрменді алаңға айналды. Бұл – қуанышты жайт. Бұған кез келген мәселені конструктивті түрде шешуге мүмкіндік беретін белсенді әрі сенімді саяси диалог ықпал етеді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде кеңейіп келеді. Бизнес арасындағы байланыстар жанданып, бірлескен кәсіпорындар саны арта түсті. Ірі аймақтық жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертеді.
Кейінгі бес жылда өңірішілік тауар айналымы 80 пайыздан астам өсіп, 10,6 миллиард долларға жетті. Мұнымен шектеліп қалмайтынымызға сенімдімін. Сауда-саттықты одан әрі дамыту үшін елдеріміздің әлеуеті зор. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық біздің көпжақты байланыстарымызды тереңдетуге үлкен септігін тигізеді. Бұл маңызды сала жылдан-жылға сапалы әрі жаңа мазмұнмен толығып, біздің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлерімізді, достығымыз бен тату көршілігімізді нығайта түседі. Мұның бәрі мемлекеттеріміздің өзара табысты қарым-қатынасына және жалпыөңірлік өзекті міндеттердің тиімді шешілуіне ықпал етеді.
Қазақстан Орталық Азиядағы барлық елмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты кең көлемде нығайтуға бағытталған стратегиялық бағдарды берік ұстанатынын тағы да атап өтемін. Ортақ іс-әрекеттер синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне және әл-ауқатының артуына жол ашатынына сенімдімін.
Бірлескен жұмыстың нақты бағыттарына қатысты өзімнің ұсыныстарымды ортаға салғым келеді.
Бірінші. Елдеріміз арасындағы сауда-саттық қарқынын дәйекті түрде ұлғайту қажет.
Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар екені байқалады. Жоғарыда атап өткенімдей, аймақ мемлекеттері арасындағы өзара сауда тұрақты түрде өсіп келеді. Біздің елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар.
Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді. Елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс деп санаймын. Сондықтан, менің ойымша, оларға қолайлы орта қалыптастыру жұмысына баса мән беру керек. Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз. Мысалы, оны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады.
Екінші. Өнеркәсіп кооперациясы. Бүгінде жаһандық өндірісте қысқа, аймақтық, орнықты жеткізу тізбектерінің қалыптасу үрдісі байқалады. Осы орайда азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісінің әлеуеті зор.
Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамын . Бұл жоспар тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталар еді.
Үшінші. Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру. Бұл сала, шын мәнінде, аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыты бола алады. Біз әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз. Қытай, Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық ауқымы ұлғаяды деген болжам бар.
Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз. Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін. Біз цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның өткізу қабілетін жоспарлы түрде арттыруға ниеттіміз.
Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін "осал тұстарды" реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде "Достық – Мойынты", "Бақты – Аягөз", "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол жобалары, сондай-ақ "Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы" автомобиль жолы туралы сөз болып отыр.
Жалпы Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті. Геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты бізге өңірдің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта аталған игі міндеттерді орындаудың өзара оңтайлы формуласы бекітілген деп ойлаймын. Бүгінде біздің басты міндетіміз – осы құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Бұл Шарт мемлекеттеріміздің кемеліне келгеніне және өз аймағымыздың тағдырын дербес анықтауға дайын екеніне айқын саяси дәлел болады.
Өздеріңізге мәлім, кейінгі жылдары "Орталық Азия +" форматы аясындағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түсті. Аталған форматтар барынша тиімді болуы үшін ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, олардың сапалы мазмұнын бірлесе байыта түсуіміз қажет. Біздің ойымызша, ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсету маңызды. Әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түсті.
Аталған маңызды салада тұрақты консультациялар механизмін іске қосу жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргендеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арнайы тоқталғым келеді. Өңірдегі демографиялық өсімнің орнықты екенін ескерсек, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтудің маңызы арта түседі.
Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді.
Орталық Азия" туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндігіміз бар. Ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты жандандырудың перспективасы зор. Жоғары сапалы ортақ медиажобаларды жүзеге асыру, соның ішінде жалпыөңірлік телеарна, жаңалықтар сайтын құру ісіне кірісуді ұсынамын. Бұл міндеттердің орындалуы Орталық Азия елдерінің салалық ведомстволары және ақпарат агенттіктері арасындағы тұрақты диалогқа септігін тигізеді"
Менің айтқан ұсыныстарым мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеру ниетінен туындап отыр. Қазақстан өңірдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тағы да атап өткім келеді. Құрметті әріптестер, Сіздерді Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуіне шақырамын. Алдағы міндеттердің табысты жүзеге асырылуы достықты, тату көршілік қарым-қатынасты және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін"