Қытайдың солтүстік-шығысында қатты бораннан үш адам қаза тапты
CNN арнасының мәліметінше, Қытайдың солтүстік провинцияларындағы ерте жауған қар мен боран мемлекеттік мекемелердің жұмысын тоқтатты. Әдетте, Қытайдың солтүстік-шығысында алғашқы қар қарашаның аяғында – желтоқсанның басында жауатын. Бірақ биыл қар қарашаның бірінші жартысында басталып, бірнеше күн қатарынан жауып тұрды.
Қытайдың қиыр солтүстігіндегі Хэйлунцзян провинциясында қарлы боран салдарынан 51 жолаушы пойызы уақытша тоқтатылды. Провинцияның басты қаласы Харбин әуежайында 400-ден астам рейс тоқтатылып, бірнеше шағын әуе терминалдары толығымен жабылды. Харбиндегі мектептер мен балабақшалар да уақытша үзіліс алды. Қала билігі дабылдың "қызыл" деңгейін жариялады.
Ал Цзямусы қаласында қарлы боран кезінде мектеп спорт залының шатыры опырылып түсті. Ғимаратта болған үш оқушы қаза тапты. Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүріп жатыр.