ХАМАС Израильмен бейбіт келісімге келу мәселесін талқылап жатыр
21 қарашада CNN арнасы таратқан мәлімет бойынша, Исмаил Хания ХАМАС Израиль билігімен келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізген. Оның айтуынша, қозғалыс Израильмен "келісімге келіп қалды". Ол келісім шарттары қандай және қашан жасалуы мүмкін екенін нақтыламады, бірақ Қатар өкілдеріне араша болғаны үшін алғыс айтты.
"ХАМАС-тың мәлімдемесі Ақ үйдің осындай мәлімдемелеріне сәйкес келеді. Дүйсенбі күні АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби келіссөзге қатысушылар ХАМАС ұстаған адамдарды босату мәселесін "аяқтауға жақындап қалғанын" айтты, бірақ егжей-тегжейлі мәлімет беруден бас тартты", – деп жазды CNN.
Америкалық ақпарат көздері бұған дейін Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы келісім уақытша атысты тоқтатуды көздейтінін хабарлаған. Палестиналық содырлар мен Израиль билігі өкілдері арасындағы келіссөздер АҚШ пен Қатар атынан келген делдалдардың қатысуымен бірнеше аптаға созылды.
Израиль мен Хамас өкілдерінің кепілге алынғандарды босату туралы келісімге келуге жақын екені 19 қарашада белгілі болды.
Палестиналық радикалдар мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс 7 қазанда ХАМАС содырларының Израиль шекарасындағы елді мекендерге шабуылынан басталды. Шабуыл салдарынан 1,4 мың адам қаза тауып, 200-ден астамы кепілге алынды. Израиль армиясы Газа секторын жаппай атқылай бастады, кейін Палестина анклавында ХАМАС-ты толығымен жою үшін жерүсті операциясы басталды. Қайтыс болған палестиналықтардың саны 13 мың адамға жетеді.