Әлемдегі ең әйгілі мұнара жайлы не білеміз
Сондай-ақ Париждің ажырамас бөлігі болған мұнара ауқымды коммерциялық жобаға да айналды: пайдалануға берілген алғашқы онжылдықтарда ол өзін-өзі толық ақтап шықты.
Қазір Франция астанасын әйгілі мұнарасыз елестету қиын, дегенмен, оның құрылысының басында наразылық білдіргендер көп болды. Мәселен, "Le Temps" газеті қаланың қайталанбас тарихи келбетін бұзатын "металл құбыжықты" салуға наразылық білдірген өнер қайраткерлерінің жолдауын жариялады.
Олардың арасында Эмиль Зола, Ги де Мопассан және кіші Александр Дюма болды. Сынаушылар оған "шіркеу мұнарасының қаңқасы", "алып гриль", "әлемдегі ең биік шам бағанасы", "аяқталмаған зауыт құбыры" деген атаулар берді. Тіпті, наразылықтың қатты болғаны соншалық, мұнараны бұзу туралы шешім қабылданды.
Алайда, Париждің мақтанышы радио дәуірінің арқасында аман қалды, ол стратегиялық маңызды радио тарату стансасына айналды.
Ерекше нысан 1889 жылға жоспарланған Дүниежүзілік көрмеге орай тұрғызылды. Оны орналастыру орны ретінде Марс алаңы таңдалды. Құрылыс жұмыстары 1887 жылы басталған. Одан бұрын әлемде үлкен резонанс тудырған байқау жарияланды.
Комиссия барлығы 700-ге жуық жұмысты қарады. Ұзақ пікірталастан кейін Александр Гюстав Эйфель жеңімпаз деп танылды. Қазылар алқасының көзқарасы бойынша, оның жобасы сол кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейін толық көрсету міндетіне барынша сәйкес келді.
Расында да мұнара конструкциясынан бастап іргетасына дейін жаңашылдыққа негізделді. Оның құрылысы топырақтың қабаттасуын, кессондарды және сол кездегі басқа да ноу-хауларды қолдануды қажет етті. Ең биік мұнараны салу үшін 12 000-нан астам металл бөлшектер пайдаланылды.
Олар Александр Гюстав Эйфельдің зауытында жасалды, жоба авторы бүкіл процесті жеке бақылауында ұстады. Конструкциялардың шебер жасалғаны соншалық, орналастыру орнында олар ешқандай қосымша қиыстыруды қажет етпеді. Аталған конструкцияларды жасауға 300 мың тоннадан астам металл жұмсалды.
Сөйтіп, 1889 жылғы 31 наурызда Эйфель мұнарасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жерден рекордтық 300,65 метрге көтерілген ғажайып сәулет өнері сол кезде әлемдегі ең биік ғимарат болды. Уақыт өте келе антенналарды орнатқаннан кейін оның биіктігі 324 метрге жетті. Парижде әлі күнге дейін одан биік ғимарат жоқ.
Қызықты фактілер
- Эйфель мұнарасы болаттан емес, темірден жасалған. Ол Францияның шығысындағы Лотарингия өңіріндегі зауытта жасалған. Темір тақтайшалар мен арқалықтар Леваллуа-Перре қаласында жиналып, құрылыс алаңына жеткізілді. Мұндай жүйе мұнараны рекордтық уақытта – 2 жыл, 2 ай, 5 күнде салуға мүмкіндік берді.
- Ағылшын суретшісі және ақыны Моррис Уильям Эйфель мұнарасының құрылысына қарсы екенін әрдайым ашық білдірген, алайда, кейіннен ол мұнарадағы мейрамханалардың бірінде тамақтануды ұнататын. "Парижде мұнара көрінбейтін жалғыз орын осы" деп әзілдейтін.
- Тіпті, ең қатты желде де мұнара шыңының идеалды вертикальден ауытқу бұрышы 12 сантиметрден аспайды.
- Эйфель мұнарасы – Жердегі түсі патенттелген жалғыз ғимарат. Бір қарағанда, құрылым бір түсті боп көрінуі мүмкін, бірақ, олай емес. Мұнараны әр 7 жыл сайын қайта бояйды. Қазіргі уақытта ол 19 рет боялған.
- Мұнарада Эйфель замандастарының арасындағы көрнекті инженерлердің, математиктердің және басқа да ғалымдардың 72 есімі ойып жазылған.
- 1960 жылы мұнараны жаңа орынға ауыстыру туралы ресми түрде жарияланды. Үлкен дүрбелең туды, нәтижесінде бұл журналистердің бірінші сәуірлік әзілі болып шықты.
- 1960 жылы Эйфель мұнарасы сатылды. Бір адам оны голландиялық фирмаға металл сынығына тапсырған. Кейінірек құрылымды бұзу құқығын растайтын құжаттар жалған болып шықты.
- Эйфель мұнарасы күн сайын сағат 9:30-дан 23:45-ке дейін ашық. Оған жыл сайын 6 миллионнан астам адам келеді.
- Мұнараның салмағы – 10 000 тонна. Металл қаңқаның салмағы – 7 300 тонна. Ал бояудың салмағы – 60 тонна.
- Александр Гюстав Эйфель – Еуропадағы көптеген металл құрылымдардың авторы. Олардың арасында Португалиядағы Порто виадуктары, Франциядағы Гараби, Будапешттегі теміржол вокзалы бар. Сондай-ақ Эйфель компаниясы тұрғызған тағы бір әлемге әйгілі ескерткіш – АҚШ-тағы Бостандық мүсіні.