Киевтегі балалар ауруханасына жасалған зымыран соққысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады

Украинаның денсаулық сақтау министрі Виктор Ляшконың айтуынша, зымыран балалар диализ алған корпусқа тиген. "Охматдет" ауруханасына соққы беруден екі адам қайтыс болды, тағы 10 адам зардап шекті.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді азаматтық нысандарға бағытталған соққылар жасады деп айыптады. Оның айтуынша, шабуыл кезінде 38 адам қаза тауып (оның ішінде төрт бала), тағы 190 адам жарақат алған. Зеленский аурухананың қирауы туралы да айтты.
"Бұл ерекше балалар ауруханасы. "Охматдет" мыңдаған балаларды құтқарып, денсаулығын қалпына келтірді. Қазір аурухана Ресейдің соққысынан зардап шекті, үйінділердің астында адамдар, жараланғандар мен қаза тапқандардың нақты саны әлі белгісіз. Қазір дәрігрерлерден бастап, қарапайым адамдарға дейін. үйінділер арасынан зардап шеккендерді алып шығуға көмектесуде". Владимир Зеленский
Reuters агенттігіне дипломатиялық дереккөздердің берген ақпаратынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін, 9 шілдеде Киевтегі балалар ауруханасындағы соққылардың салдарын қарастырады.
Бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесінің шақырылуы туралы БҰҰ жанындағы Ресей Федерациясы Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары Дмитрий Полянский де мәлімдеді. Отырыс Астана уақыты бойынша сағат 19:00 шамасында басталады.
Ресей Қорғаныс министрлігі Киевтегі жағдайға осылай түсініктеме берді.
"Киев режимінің Ресей Федерациясының Қарулы күштері Ресей энергетикасы мен экономикасының нысандарына зиян келтіру әрекеттеріне жауап ретінде Украинаның әскери өнеркәсіп нысандары мен әуе күштерінің авиациялық базаларына ұзақ қашықтықтағы дәлдігі жоғары қарумен топтық соққы берді. Соққы мақсаттарына қол жеткізілді. Киев режимі өкілдерінің Ресейдің азаматтық нысандарға қасақана зымыран соққысы туралы мәлімдемелері мүлдем шындыққа жанаспайды. Киевтен жарияланған көптеген фотосуреттер мен бейнекадрлар қала шегіндегі зениттік зымыран кешенінен ұшырылған украиналық әуе шабуылына қарсы қорғаныс зымыранының құлауы салдарынан жойылу фактісін растайды". Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі
Америка президенті Джо Байден Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысын (Әуе қорғанысы) нығайту үшін Украинаның көшбасшысы Владимир Зеленскиймен жұмыс істеуге уәде берді.
"Одақтастармен бірге біз қалалар мен бейбіт тұрғындарды Ресейдің соққыларынан қорғау үшін Украинаның Әуе қорғанысы жүйесін нығайтудың жаңа шараларын жариялаймыз". Джо Байден
Ресми Кремльден жауап әлі болған жоқ, Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін "Ресей армиясы тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелерге соққы бермейді" деп бірнеше рет айтқан болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізуге Ұлыбритания, Франция, Эквадор, Словения және АҚШ шақырылды.