Джо Байденнің дертін дер кезінде анықтай алмаған жеке дәрігері сынға ұшырады

Джо Байденге қуықасты безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылғанын білген Техас штатының республикашыл конгрессмені Ронни Джексон Байденнің жеке дәрігері Кевин О’Коннорды сынның астына алды. Белгілі болғандай, Трамп қызметіне кірісімен оны жұмыстан шығарып жіберген.
"Қайғылы жаңалық. Бұрынғы президентке қатерлі ісікті емдеуде сәттілік тілеймін. Ақ үйдегі адамдардың денсаулығына ерекше назар аударылуы керек. Қатерлі ісікті байқамай қалды дегенге сене алмаймын! Оның дәрігері президенттің жағдайын саяси себептермен жасыруға тырысты, ал шын мәнінде жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетуі керек еді", – деп жазды Ронни Джексон.
Мұндай сын айтатын Ронни Джексон кім деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол да 2013 жылдан 2018 жылға дейін АҚШ президенттерінің жеке дәрігері болған, Барак Обаманың және Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде қызмет атқарған.
Бұл ретте, 2024 жылдың шілдесінде Джо Байден жоспарлы медициналық тексеруден өткенін және бәрі жақсы екенін, тек көбірек ұйықтау қажет екенін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ, экс-президенттің соңғы рет қуықасты безі қатерлі ісігіне скринингтен (PSA тесті) 2014 жылы, вице-президент болған кезінде өткендігі белгілі болды.