Иран ауған азаматтарын елдеріне депортацияламақ
Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев
Hindustan Times басылымының мәліметінше, гуманитарлық ұйымдар алаңдаушылық білдіріп, жаппай депортация Ауғанстанды одан әрі тұрақсыздандыруы мүмкін екенін ескертті. Ауғанстан қазірдің өзінде әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналады.
Тегеран елге кедейлік пен жаңа үкіметтің заңдарынан қашып келген ауған азаматтарына 6 шілдеге дейін елден шығу мерзімін белгіледі.
Бұл шаралар Израильмен болған 12 күндік қақтығыстан кейін қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық пен шиеленістің күшеюі аясында қабылданып отыр. 21–22 маусымда АҚШ Иранға қарсы "Түнгі балға" операциясы аясында ядролық нысандарға соққы жасаған болатын.
Қазіргі уақытта Иранда шамамен 4 миллионға жуық ауған азаматы тұрады. Олардың көбі бұл елде бірнеше жылдан бері өмір сүріп келеді. 2023 жылы Иран үкіметі заңсыз шетелдіктерге қарсы қысым жасауды бастаған болатын.
Бұған дейін Калифорнияда отшашу сақталған қойма өртеніп, жойқын жарылыс болғандығын жазған болатынбыз.