БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестина мемлекетін құру туралы декларацияны мақұлдады
Сурет: OOH
Қарарға 142 ел дауыс берді, ал қарсы шыққандар қатарында Израиль, АҚШ және тағы сегіз мемлекет болды. Он екі ел қалыс қалды. Қазақстан бұл қарарды қолдап дауыс берді.

Сурет: құжат скриншоты
Аталған құжат шілде айында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Франция мен Сауд Арабиясының ұйымдастыруымен өткен конференцияның қорытындысы ретінде қабылданды. Форум осы айдың соңында өз жұмысын қайта жалғастырады.
Франция елшісі Жером Боннафон декларацияның маңызын атап өтіп, бұл құжат:
"Газа секторындағы атысты тоқтату, тұтқындарды босату, егемен Палестина мемлекетін құру, ХАМАС қозғалысын қарусыздандыру және Израиль мен араб елдері арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруді көздейтін бірыңғай жол картасын ұсынады", – деді.
Ал Израиль өкілі Дани Данон бұл бастаманы "біржақты әрекет" деп атап, оны "бейбітшілікке бастар қадам емес, Ассамблеяның беделін түсіретін бос қимыл" деп сынға алды. Оның айтуынша, бұл шешімнің "басты жеңімпазы – ХАМАС болады".
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұған дейін:
"Таяу Шығыстағы бейбітшіліктің негізгі шарты — Израиль мен Палестинаның екі тәуелсіз, егемен және демократиялық мемлекет ретінде бейбіт қатар өмір сүруі", – деп мәлімдеген болатын.
Бұған дейін ЦАХАЛ-дың бұрынғы басшысы Газа секторындағы қаза тапқандар мен жараланғандар санын атағанын жазғанбыз.