Жерге магниттік дауылдар әсер ете бастады
Сурет: pixabay
Ресей ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты жанындағы Күн астрономиясы зертханасының мәліметінше, бастапқы геомагниттік белсенділік деңгейі G1 (әлсіз дауыл) санатына жатады. Алайда тәулік ішінде оның G2–G3 деңгейіне дейін күшеюі ықтимал.
Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыстың нақты бір ғана себебі жоқ. Магниттік дауылдар – ай басынан бері байқалып отырған Күн белсенділігінің өте жоғары болуына Жер магнитосферасының жалпы реакциясы.
"Негізгі түрткі болған жайт – 2 ақпанда соңғы бір жарым жылдағы ең қуатты X8.1 класты күн жарқылы кезінде ғарыш кеңістігіне таралған плазмалық бұлттың шеткі бөлігі Жерге кеше кешке жетті", – деп түсіндірді мамандар.
Сонымен қатар магниттік дауылдар әсерінен Жердің Батыс жартышарының түнгі бөлігінде күшті полярлық шұғылалар байқалған. Олардың қарқындылығы 10 балдық шкала бойынша ең жоғарғы деңгейге жеткен.
Еске сала кетейік, 4 ақпанда Күн бетінде Жерге тура бағытталған X4.2 класты жарқыл тіркелген болатын. Осыған байланысты сарапшылар магниттік дауылдар болуы мүмкін екенін алдын ала ескерткен.