"Соғысты бастан өткерген": Жапонияның ең қарт азаматы 111 жасында өмірден өтті
Сурет: longeviquest
LongeviQuest дерегіне сәйкес, Хикару Като 1914 жылдың 2 мамырында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрлігіне қызметке кіргеннен кейін, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында әскер қатарына шақырылған.
Ол Тайвань мен Филиппинде қызмет етіп, америкалық әскермен болған шайқастарда жараланған. Кейін Индонезиядағы Тимор аралына жіберілген. Дәл сол жерде Жапонияның жеңілгенін естіп, австралиялық әскер тарапынан қарусыздандырылған. Тұтқында жүріп азық-түлік өсіру арқылы аман қалып, 1946 жылдың мамырында Жапонияға оралған.
Еліне қайтқан соң Като Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлігінде кеңсе қызметкері болып жұмыс істеп, соғыстан кейінгі кезеңде Жапонияның ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге үлес қосты. Ол 59 жасында зейнетке шыққанға дейін осы министрлікте еңбек етті.
1973 жылы зейнетке шыққаннан кейін қаладағы қарттарға арналған шеберханада қыш өнерінен сабақ берген. Бұл сүйікті ісімен ол 90 жастан асқанға дейін айналысқан.
Сондай-ақ ұзақ жасаған қария жазушылықпен шұғылданып, өз өмірбаянын аяқтаған және 109 жасына дейін жергілікті Кумамото газеттеріне соғыс туралы естеліктерін жолдап отырған. Әр хатында ол соғыстың ешқашан қайталанбауын тілейтінін жазған.
Бұған дейін Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, милиция полковнигі Сәрсенов Қамбар Әмірұлы 102 жасқа қараған шағында дүниеден өткенін жазғанбыз.