Моңғолиядан қоныс аударатын қандастардың көші тоқтап қалуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Моңғолиядан келетін оралмандардың көші неліктен тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты.

Фото: 8 Қараша 2017, , 16:40
Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған келісімнің күшінің жойылуы осы елден Қазақстанға қоныс аударып жатқан оралмандар көшінің тоқтауына әкеп соғуы мүмкін, дейді мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков, деп хабарлайды sputniknews.kz. Мәжілістегі коммунистер фракциясы осы түйткілді мәселені көтеріп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
"Мәжіліске оралмандардан үндеу хат келіп түсті, олар 1991-1992 жылдары елге Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыз. Олар өздерінің зейнетақымен қамтамасыз етілуге қатысты туындаған жағдайларға қатты алаңдап отырғанын хабарлады", — деді Жамбыл Ахметбеков мәжілістің жалпы отырысында.
Ол еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бастап шетелдегі отандастарымыздың елге оралуына барлық жағдай жасалып, мемлекеттік дәрежеде көмек көрсетілгенін атап өтті. Салиқалы жүргізілген мемлекеттік саясаттың нәтижесінде Қазақстанға бір миллионнан астам отандасымыз оралып, еліміздегі демографиялық ахуалдың едәуір жақсаруына әсер етті.
"Дегенмен, мемлекет тарапынан қаншама қолдау көрсетілді десек те, көші-қон мәселесінде шешімін таппай жатқан мәселелер де баршылық. Соның бірі Моңғолиядан келген оралмандардың еңбек өтілінің есептелмеуіне қатысты болып отыр. Оралмандардың зейнетақысы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері Қазақстан азаматтарымен бірдей "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңмен реттеледі. Заң бойынша оралмандар Қазақстан азаматының болуына не болмауына қарамастан ел азаматтарымен бірдей зейнетақымен қамсыздандырылуы құқығын пайдаланады. Заңнамаға сәйкес, зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне және зейнет алды кезеңде алған орташа алған айлық табысына байланысты болады", — деді депутат.
Алайда 2014 жылы 8 сәуірден бастап Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күшінің жойылуына байланысты Моңғолиядан оралған қазақтардың зейнетақысы күрт төмендеп кеткен. Өйткені оралмандардың Моңғолиядағы еңбек өтілі есепке алынбай отыр. Мысалы, Моңғолияда мемлекеттік қызметте 46 жыл еңбек еткен азамат қазір Қазақстанда 12 850 теңге жәрдемақы алады екен. 11 мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр болып отырған адамдар аз емес. БАҚ-тың деректеріне сүйенсек, Моңғолияның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі екі ел арасындағы келісімнің күшін жою туралы бастаманың Қазақстан үкіметі тарапынан болғанын, ал моңғол тарапы аталған келісім бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға әзір екенін мәлімдеген.
"Мемлекеттер арасындағы бұл келіспеушіліктер ең алдымен бұқара халыққа соққы болып тиюде. Оралмандардың еңбек өтілінің есептелмеуі, яғни Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған келісімнің күшінің жойылуы осы елден Қазақстанға қоныс аударып жатқан қандастарымыздың көшінің тоқтауына әкеп соғуы мүмкін", — деген алаңдаушылығын білдірді Ахметбеков.
Коммунистер фракциясы министрден бұл мәселені үкімет қарауына шығарып, оның шешімін табуды сұрады. Фото: sputniknews.kz

Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

СЕЙЧАС ЧИТАЮТ
ПОПУЛЯРНОЕ В СЕТИ