ШҚО-дағы 420 елді мекенде әлі күнге дейін орталық ауызсу құбыры жоқ

Халық тіршілік нәрін әртүрлі көздерден алады. Сатып ішетіні бар, тасып ішетіні.

Фото: aif.ru9 Қаңтар 2018, , 10:01

Бірақ ондай судың санитарлық сапасына ешкім кепілдік бермейтіні түсінікті. Ол тұрмақ, кейбір орталық жүйеге қосылған елді мекендерде су сапасыз. Бұны облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары жүргізген тексеру нәтижелері көрсеткен. Алыс ауылдарды айтпағанда, Өскеменнің өзінде судың сапасы күмән тудырады, деп хабарлайды Хабар телеарнасы.

Жаңадан бой көтерген 19-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің ауызсу алатын шүмегінен кейде түсі өзгеше су ағады. Тұрғындардың айтуынша, бұл суды қайнатса да тазармайды.

Мәрзия Сақитова, қала тұрғыны: - Бұл суды таза деп қалай айтасың? Түсі сұрғылттанып тұрады. Кейде темірдің дәмі бар қара лай ағады. Енді осындай су ішкен соң денсаулығымыз қайдан дұрыс болады.

Ал Глубокое ауданындағы Степное ауылының тұрғындары ауызсудың сапасыздығын айтып шағымданғалы 20 жылдан асты. Елді мекеннің дәл іргесіндегі доңыз шаруашылығынан аққан көң-қоқыс, етектегі елдің құдығына құйылып жатыр.

Наталья Гришина, Степное ауылының тұрғыны: - Міне, мынау құдықтан алған су. Қанша қайнатсаң да, доңыздың иісі шығып трады. Сап-сары суды кір жуғанға да пайдалана алмайсың!

Экологтар мен санитарлық сала мамандары бұл ауылдағы құдықтардың суын зертханалық тексеруден өткізіп, ішуге мүлде болмайды деген қорытынды жасаған. Доңыз шаруашылығына айыппұл салумен ғана шектеледі. Мүлде жауып тастауға құзырлы органдарда заңды пәрмен болғанымен, дәрмен жоқ. Ал бүгінде облыс халқының 44 пайыздан астамы ғана орталық су құбырын пайдаланып отыр. 2017 жылы мамандар осы құбырлардан 2500-ден астам сынама алып зертханалық тексеру жасаған.

Болат Қуанышбеков, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары: - 2017 жылы қамтылған су құбырларының 110-нан астамында кемшіліктер табылды. 110 кемшілік бойынша 110 нұсқама берілді. Оның ішінде алдында орындалмаған тармақтарына байланысты 6 іс сот орындарына берілді. Ары қарай шара қолдану үшін. Негізгі сәйкессіздіктер санитарлық-гигиеналық, микробиологиялық көрсеткіштің талапқа сай болмағандығынан.

Дегенмен аймақта таза сумен қамту мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 16 елді мекенге орталық су құбыры тартылмақ. Нәтижесінде 15 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсу тұтынатын болады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

СЕЙЧАС ЧИТАЮТ
ПОПУЛЯРНОЕ В СЕТИ