Еуропалық институт Қазақстан мен АҚШ президенттерінің кездесуіне пікір білдірді

«Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі болды.

Фото: www.inform.kz19 Қаңтар 2018, , 09:48

Азиялық зерттеулердің еуропалық институтының сарапшысы Альберто Тюркстра Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың кездесуі қорытындысына пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі болды. Шын мәнінде, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған елдердің бірі АҚШ екені белгілі», - деп тоқталды А. Тюркстра.

Сарапшының пайымынша, көптеген перспективалы жобаларға байланысты тұрақты Орталық Азия Вашингтон үшін маңызды.

Атап айтқанда, өңір бүгінде стратегиялық жағдайға ие, себебі Қытайдың, Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстың қарқынды дамып келе жатқан нарықтары арасында тұрған Орталық Азияның тартымдылығы арта түсті. Сонымен қатар Альберто Тюркстра Қазақстан экономикасына инвестиция салуда АҚШ-тың алдыңғы қатарлы рөлін айта келе, жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асырғаннан кейін бұл бағыттағы байланыстар арта түсетіндігін сөз етті.

«Қазақстан ұзақ мерзімді перспектива тұрғысында тұрақты экономикалық секторларға бетбұрыс жасап отыр. Осы орайда экономиканың бәсекеге қабілеттігі мен өнімділігін арттыру бағытында тиісті қадамдар іске асырылуда», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, Қазақстанның жаңғырту мен әртараптандыру жоспарлары америкалық инвесторлар үшін тартымды болуы мүмкін.

«Бұл ретте ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және өзге де басымдықты салалар бойынша өзара іс-қимылдар артады деген ойдамын», - деп түйді Альберто Тюркстра.

Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

СЕЙЧАС ЧИТАЮТ
ПОПУЛЯРНОЕ В СЕТИ