Бұл туралы елорда әкімдігінің instagram-аккаунтында хабарланды.
Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорда әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті. Пәтер демеушілік қаражат есебінен берілді, делінген хабарламада.
Ал зардап шеккен екінші өрт сөндіруші Аян Кемпіровтің отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына жалпы сомасы 6 миллион теңге болатын несиелерін өтеуге көмектесу туралы шешім қабылданды.
16 қарашада "КаҺарман" тұрғын үй кешенінің 11-қабаттағы пәтері отқа оранды. Өртенген пәтерде адамдар болған. Өрт сөндірушілер бес адамды, соның ішінде бір баланы құтқарып, одан бөлек тағы 10 адамды эвакуациялады.
17 қарашада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жансақтау бөлімінде жатқаны, жағдайы өте ауыр екені белгілі болды. Ол 3 дәрежелі күйік алды.
Өрт сөндіру кезінде ТЖМ-ның тағы бір қызметкері, №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіров те зардап шекті. Оның жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланады. Тоқаев елордалық өрт сөндірушілерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Асқар Забикулиннің достары оның денесінің 80% күйік шалғанын айтады. Дәрігерлер оны дәрілік комаға енгізді. Өртеніп жатқан пәтерге терезеден кіру үшін ол үстіндегі жауынгерлік киімін шешіп, тек камуфляж және маскамен аттанған. Оттың арасынан қолында немересі бар әжейді тауып, сыртқа алып шықты. Одан кейін көрші пәтерден 10 жасар баланы құтқарды.