Болгария әншісі Роза Бағланова атындағы байқаудың жеңімпазы атанды

Астанада Қазақстан мен КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы, әнші Роза Бағлановаға арналған Халықаралық вокалистер байқауы аяқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Байқауға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан, Польша, Болгария, Қырғыз Республикасы және Беларусь Республикасының өнерпаздары қатысуға тілек білдірді. Шарт бойынша байқауға осы елдердің 18-35 жас аралығындағы орындаушылары қатысуы тиіс еді.

Байқау ұйымдастырушыларының хабарлауынша, 12 қазан мен 20 қараша аралығында онлайн форматта өткен іріктеу кезеңі аясында барлығы 48 өтінім қабылданды. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Халықаралық вокалистер сайысының финалдық бөліміне бағы жанған 21 орындаушы өтіп, өнерін ортаға салды.

"Биыл біз бірегей тұлға және көрнекті әнші Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өтеміз. Халық сүйіктісінің мерейтойы ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күндер күнтізбесіне енді және оның құрметіне көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды, соның ішінде Париж мен Мәскеу қалалары бар. Бұл тізімде вокалистер байқауы ерекше орын алады. Оны өткізу – Роза Тәжібайқызының талантын заманауи орындаушылардың мойындауының жарқын айғағы", – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев конкурсанттарды марапаттау рәсімі аясында.

Болгариядан келген әнші Славея Иванова әділқазылар алқасын өнерімен тәнті етіп, Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалистер байқауының бас жүлдегері атанды. Әділқазылар алқасы оған 2 миллион теңгелік бас жүлдені табыс етті.

Сурет: Қызылорда облысының әкімдігінің баспасөз қызметі

I орынды Қазақстанның атынан қатысқан Батталиева Алмагүл иеленді. Оған 750 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.

Екінші I орынды Қырғыз Республикасынан келген Исраилов Бек есімді өнерпаз иемденді. Оған да 750 000 теңгенің сертификаты табысталды.

II орынды байқауға Польшаның атынан келіп қатысқан Качмарек Михал жеңіп алды. Оған 500 000 теңгенің сертификаты берілді.

Тағы бір II орынды еліміздің атынан қатысқан Жамбылбек Қымбат иеленді. Оған да 500 000 теңгенің серитфикаты табыс етілді.

Әділқазылар алқасы III орынды қазақстандық өнерпаз Жұбан Ерназарға беруді жөн көріпті. Ол 250 000 теңге жүлде алды.

III орынды да Бақберген Азамат есімді қазақстандық әнші жеңіп алды. Оған да сыйлық ретінде 250 000 теңге табыс етілді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ байқау қатысушысына Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Дархан Рақымғалиев арнайы сыйлық табыс етті.

Қызылорда Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: