Көлгінов Астана тұрғындарына үндеу жасап, жаңа әкімге табыс тіледі

Астананың экс-әкімі Алтай Көлгінов Facebook-тегі парақшасында қала тұрғындарына үндеу жасады. Ол тұрғындармен бірге Астананың игілігі үшін қызмет ету үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Үш жарым жыл бойы өздеріңізбен бірге қаламызды дамытып, түйткілді мәселелерді шешуге, сондай-ақ елорданы одан әрі көркейтуге және өмір сүруге қолайлы ету жолында жұмыс істедік. Астана әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп жүрдім. Сол кездегі басты мәселелердің бірі үлескерлердің мәселелерін шешу болатын. Ұзақ уақытқа созылған әрбір құрылыстың артында пәтерін жылдар бойы асыға күткен мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын білесіздер. Осы уақыт ішінде мәселесі қордаланған 16 мыңға жуық үлескер отбасының санын 2 мыңға дейін азайттық", - деп жазды ол.

Алтай Көлгіновтің сөзінше, астананың әрбір төртінші тұрғыны қала шетіндегі елді мекендерде тұрады. Ол шеткердегі аудандарды дамытудың жеке жоспарын қабылдап, қыруар жұмыс атқарғанын айтты.

"700 шақырымға жуық газ құбыры, 42 шақырым су құбыры тартылып, 17 шақырым жаңбыр суына арналған желі, 11 шақырым кәріз желісі және тағы басқа салынды. Сондай-ақ елді мекендерде 250 көше, 300 аула және қоғамдық орындар жасалды. Инфрақұрылымдық (газбен жұмыс істейтін жылу стансалары, жаңа ауыз су стансасы, нөсерлі кәріз желілері және тағы басқа), әлеуметтік нысандардың да құрылыс көлемі айтарлықтай көбейтілді. Осы уақыт ішінде 93 мың оқушыға арналған 45 мектеп салынды. Оның 36-сы жұмыс істеп тұр, тағы 9-ы биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушыға 25 ірі мектепті жобалау басталды. 20 мыңнан астам әлеуметтік пәтерді қамтитын тұрғын үйлер салынды. Одан әрі жүйелілік үшін қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, полицентристік аясында 420-дан астам учаске бекітілді. Олар: мектептер құрылысына – 158 учаске, балабақшалар – 185, емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтары – тағы 78 учаске". Алтай Көлгінов

Көлгінов Астана тұрғындарының саны жыл сайын артып келе жатқанын және бұл қала басшылығының алдына жаңа міндеттер мен талаптар қойып отырғанын да жазды. Ол сонымен бірге жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі.

Еске салайық, 8 желтоқсанда Жеңіс Қасымбек Астананың әкімі болып тағайындалды.

Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: