Қобда ауданы Қобда ауылындағы үйлері су астында қалған тұрғындар үшін 24 үй салынады. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына сапары барысында тиісті тапсырма берді.
"Жалпы, 13 наурыздан бастап Қобда ауылында 79 үй, 22 аула аумағы еріген қар суының астында қалды. Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, 3 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 17 үй суда тұр", делінген Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің Facebook-тегі хабарламасында.
Өңір басшылығы үш отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен тұрғын үй сатып алуды жоспарлағанымен, елдімекенде бос тұрғын үй болмай шықты.
"Соған байланысты үй салу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі уақытта елдімекенде су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыстары жалғасуда. 38 бірлік мамандандырылған техника, 277 адам жұмылдырылды", делінген хабарламада.
Оған қоса, залалды бағалау жөніндегі комиссия үйлер мен аула аумақтарына тексеру жүргізуде. Аудан тұрғындарынан барлығы 101 өтінім келіп түскен.
"Қазіргі уақытта үш үйдің қалпына келтірілмейтіні белгілі болды. 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 17 үй суда тұр. 75 отбасыға 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Бұл қаражат комиссия жұмысы аяқталғанға дейін тұрғын үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады.Комиссия жұмысы аяқталғанға дейін зардап шеккендерді қолдау мақсатында 75 отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек аударылады. Комиссия барлық ғимараттар мен құрылыстарды зерттегеннен кейін зардап шеккендер залал сомасы туралы сарапшылардың қорытындыларына сәйкес толық көлемде көмек алады". Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетсек, 13 наурызда қардың күрт еріп, даладан еріген қар суының көп мөлшерде келуіне байланысты Қобда ауданының Қобда ауылында 97 аула аумағын су басты, оның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешені, кафе және 51 үй бар. Тұрғындар қауіпсіз жер - эвакуациялық пунктке орналастырылды. 15 наурызда Қобда ауданы әкімдігінің шешімімен жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.Қазіргі уақытта елдімекенде су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыстары жалғасуда. 38 бірлік мамандандырылған техника, 277 адам жұмылдырылды.