Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 10 сәуірде Қазақстанға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен келді. Ильхам Әлиевті Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Ильхам Әлиев Қазақстан президентіне шақыртуы үшін және әкесі Гейдар Әлиевті еске алып, құрмет көрсетіп жатқаны үшін алғысын білдірді.
"Әуелі шақыртуыңызға алғысымды айтқым келеді. Бауырлас ел Қазақстанға келгеніме және ынтымақтасымыздың жалғасып жатқанына қуаныштымын. Бүгін кездесуде атап өткеніңіздей, біз қабылдаған шешімдер жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар менің ресми сапарымда қабылданған шешімдер де алдағы уақытта жүзеге аса береді деп үміттенемін. Сонымен қатар мен өз атымнан Гейдар Әлиевті еске алып, оның есімін Астанадағы көшелердің біріне беріп жатқандарыңыз үшін алғысымды айтқым келеді. Менің әкеме құрмет көрсетіп, еске алып жатырсыздар".Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев
Сонымен қатар Әлиев Физули қаласында салынып жатқан «Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының» құрылысы қарқынды жүріп жатқанын хабарлады.
"Сонымен қатар өзіңіздің шешіміңізбен Физули қаласында (Әзірбайжан) «Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының» құрылысы үшін алғысымды айтқым келеді. Қазір құрылыс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Сол балалар шығармашылығы орталығының ашылуына сізді шақырғым келеді. Бауырлас халықтар ретінде алдымызда әуе инфраструктурасын және әлеуметтік саланы қалпына келтіру бойынша бірқатар міндеттер тұр. Әзербайжан халқы барлығы үшін бауырлас Қазақстан халқына рақмет айтады", - деді Әзербайжан президенті.
Айта кетейік, Әзербайжанның мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев туралы деректі фильм Qazaqstan» телеарнасынан бүгін сағат 21:30-да эфирге шығады. «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмінде Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің Қазақстан-Әзербайжан достық қарым-қатынасына қосқан еңбегі, бауырлас қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық туралы баяндалады.