Қаралып отырған келісім - Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыруға және кредит тарихына өзара қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы трансшекаралық кредиттеуді дамыту үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
"Аталған келісім - мүдделі ұйымдар мен Еуразиялық экономикалық одақ органдары арасында кредиттік есептердің трансшекаралық алмасу тәртібі мен шарттарын және негізгі тетіктерін айқындайды. Келісімде барлық тараптардың, уәкілетті ұйымдардың және кредиттік тарихты пайдаланушылардың трансшекаралық алмасу шеңберінде ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеті белгіленген. Келісім талаптары бойынша кредиттік есептермен трансшекаралық алмасу міндетті түрде жеке немесе заңды тұлғаның келісімімен жүзеге асырылады", - деді сенатор Бекбол Орынбасаров.
Бұл ретте осындай ақпарат кредиттік қатынастарды ресімдеу немесе мониторингтеу мақсатында ғана беріледі. Заңды іске асыру үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексіне ЕАЭО елдерінің кредиттік бюролары арасында трансшекаралық ақпарат алмасу тәртібін бұзу мәселелері бойынша және «Кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» ҚР Заңына кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтерді трансшекаралық алмасу ерекшеліктері мәселелері бойынша өзгерістер енгізу талап етіледі. Қазір аталған түзетулер жобасын мүдделі мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде әзірленіп жатыр.
Жалпы келісімді ратификациялау - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы ұйымдарына заңды және жеке тұлғаларға кредиттер беру кезінде өз тәуекелдерін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді деп болжанған. Заңды қабылдау мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Айта кетері, 26 cәуірде мәжіліс ЕАЭО шеңберінде несие тарихы бойынша мәлімет алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялаған еді. ЕАЭО елдері несие тарихы бойынша ақпарат алмасу жөнінде келісті.