Қаржы министрлігі салық төлеушілер үшін жағымды жаңалықтармен бөлісті
Фото: freepik
2025 жылғы 5 желтоқсанда ОКҚ брифингінде қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық бойынша қарызды өндіріп алу және салықтық жеңілдіктер беру тәртібіндегі өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Ержан Біржановтың айтуынша, Қаржы министрлігі салық төлемдерін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу механизмін қайта қараған.
"Қолданыстағы Салық кодексінде мұндай мүмкіндік бар, бірақ оны алу үшін міндетті түрде кепіл немесе банктік кепілдік қажет еді. Көп жағдайда салық қарызы бар азаматтар мен кәсіпкерлер банктік кепілдік ала алмайтын, сол себепті бұл құралды пайдалану қиын болатын. Біз 1500 АЕК-ке дейінгі (шамамен 5,9 млн теңге) салық берешегі бар тұлғаларға мүлікті кепілге қоюсыз және банктік кепілдіксіз бір жылға дейін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін енгіздік. Бұл кепіл мүлкін бағалау, оны міндетті сақтандыру қажеттілігін жояды және рәсімдеу уақытын қысқартады", – деді вице-министр.
Салық төлеуші осы мақсатта кез келген аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына өтініш бере алады.
Бұдан бөлек, горизонталды мониторинг жүйесіне қатысушыларға да мүлік кепілінсіз және банктік кепілдіксіз 12 айға дейін кейінге қалдыру/бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.
"Өндірушілер үшін импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС төлеуді бір жылға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Яғни өндіріс үшін қажетті шикізат, тауар немесе материал әкелген кезде ҚҚС-ты бірден, кедендік тазарту сәтінде емес, кейінірек төлеуге болады. Ал, қазіргі тәртіп бойынша ҚҚС кедендік рәсімдеу кезінде бірден төленуі қажет", – деді Біржанов.
Мұнымен қоса, вице-министр салық есептілігін тапсыру рәсімі де оңтайландырылғанын айтты.
"Мүлік салығы мен жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу талап етілмейді, егер міндеттеме сомасы 1 млн теңгеден аспаса. Яғни, сомасы 1 млн теңгеден төмен болса, жыл соңында тек жылдық декларация тапсырылады және төлем сол бойынша жүргізіледі. Көлік салығы бойынша есептер мен декларация тапсыру да жойылады. Салық сомасы жол полициясы органдарының деректері негізінде автоматты түрде есептеледі – дәл қазір жеке тұлғалар үшін қолданылып жүрген тәртіп секілді". Ержан Біржанов
Ержан Біржановтың айтуынша, салық декларациясын тапсыру мерзімін өткізіп алғаны үшін әкімшілік жауапкершілік алып тасталады.
"Егер салық төлеуші декларацияны тапсырмаса, ол 0 көрсеткіштерімен тапсырылды деп есептеледі. Салық төлеушінің кейін қосымша декларация тапсыру құқығы сақталады. Осылайша, есептілікті кеш тапсырғаны үшін әкімшілік айыппұлдар алынып тасталады. Бұл бизнестің жүктемесін азайтады", – деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Қазақстандағы ең жоғары инфляция қай қалада тіркелгенін жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript