Мемлекет басшысының сөзінше, өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды.
"Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25%-ы ғана, ал Ресейде іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен. Ресей – әлемде ең ірі органикалық тыңайтқыш экспорттайтын елдің бірі. Өнім өткізу нарығының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы Ресей тыңайтқыштарының импорты айтарлықтай артты. Мұның салдары отандық кәсіпорындарға әсер етіп отыр. Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек деп санаймын. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қол жетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет", – деді Қазақстан президенті.
Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді.
Бұл ретте президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.