ДДСҰ бағалауынша, қазіргі таңда әлем халқы үшін бұл вирустың қаупі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туралы ұйым басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, 2 мамыр күні ұйым ауру жұқтыру жағдайлары туралы алғаш рет ақпарат алғаннан бері бірде-бір өлім тіркелмеген.
"Күдікті және расталған барлық жағдайлар оқшауланып, қатаң медициналық бақылауға алынды. Бұл инфекцияның әрі қарай таралу қаупін барынша төмендетеді", – деді ол.
Тедрос Адханом Гебрейесус қазіргі уақытта індеттің ауқымды таралуының белгілері жоқ екенін атап өтті. Алайда вирустың инкубациялық кезеңі ұзақ болғандықтан, алдағы апталарда жаңа жағдайлар анықталуы мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, жолаушылар қай елге жеткізілсе, сол мемлекет олардың денсаулығын бақылауға жауапты болады.
ДДСҰ оларды арнайы карантин мекемесінде немесе үй жағдайында соңғы байланыс күнінен бастап 42 күн бойы бақылауда ұстауды ұсынды. Яғни бақылау мерзімі 10 мамырдан 21 маусымға дейін жалғасады.
"Егер қандай да бір адамда ауру белгілері байқалса, ол дереу оқшауланып, ем қабылдауы тиіс", – деді Тедрос Адханом Гебрейесус Испаниядағы сөзінде.
Айта кетейік, дәл Испания елі MV Hondius кемесінің Тенерифе порты айлағына тоқтауына рұқсат берген. Жолаушылар мен экипаж мүшелері отырған соңғы екі ұшақ дүйсенбі кешінде Канар аралдарынан ұшып шығып, сейсенбі күні таңертең Нидерланды еліне жетті.
Ал Тенерифеде жанармай мен қажетті қорын толықтырған MV Hondius кемесі қазір 25 экипаж мүшесімен, сондай-ақ дәрігер мен медбикемен бірге Роттердам порты бағытына қайтып бара жатыр.