Әйелі 7,5 млн теңгеге кісі жалдап, күйеуінің көңілдесін өлтірткен
Сурет: pixabay
NDTV басылымының мәліметінше, кісі өлтіру оқиғасы Үндістанның Махараштра штатында болған. Пуна ауданында тұратын Варша Туркар Дивали мерекесіне орай туған ауылы – Балангхат округіндегі Кинхи ауылына барған.
Сол жерде ол танысы Нитеш Агравалмен кездесіп, екеуі Гондия округіндегі Тирода қаласына жол тартқан.
"Қайтар жолда олар Бондрани ауылының маңындағы Шива ғибадатханасының жанындағы орманға шыққан. Сағат 17:30 бен 18:00 аралығында әйелге пышақ ұстаған үш ер адам шабуыл жасаған. Оның қорнына және арқасы пышақ жарақаттары салынған, ол оқиға орнында көз жұмды", делінген хабарламада.
Полиция аталған факті бойынша алты жедел топ құрып, төрт күн ішінде олардың жүрген бағыты бойынша орнатылған 200-ге жуық бейнебақылау камерасының жазбасын тексерген. Камералардың бірінен Агравалдың көлігінің соңынан мотоциклмен ілескен үш ер адам байқалған.
"Күдікті күйеуінің марқұммен қарым-қатынасына наразы болған, сондықтан кісі өлтіру қылмысын ұйымдастырған", деп мәлімдеді полиция ұсталғандардың бірінен жауап алғаннан кейін.
Тергеу деректеріне сәйкес, 41 жастағы Мона Агравал, Нитеш Агравалдың әйелі, көршісі Кунал Кумбхалкардан көмек сұраған. Ол бұрын сотталған Шах Рух Патханмен байланысып, кісі өлтіргені үшін 1,3 миллион рупий (шамамен 7,5 миллион теңге) төлеуге уәде берген.
Әйелге шабуыл жасауға жергілікті үш тұрғын келіскен. Олар – 26 жастағы Имран Карим Шейх, 24 жастағы Нален (Найлан) Шейх және 19 жастағы Криш Раут.
Тергеушілер қылмыскерлер Нитеш Агравалдың жүрген жерін GPS-трекер арқылы бақылап отырғанын анықтаған. Көлік оның әйелінің атына тіркелгендіктен, қозғалысын қадағалау қиын болмаған.
Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, әрі қарай тергеу мақсатында Даванивада полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тағы екі күдіктіге іздеу жарияланған.